Филиппинде өткен білім олимпиадасында Қазақстан дарындары 4 медаль жеңіп алды

Qaz365.kz редакциясы

Биыл бұл сайысқа 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.

Оқу-ағарту министрлігі

Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz

Биыл бұл сайысқа 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.

Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:

Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;

Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Әлихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.

Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.

IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды: Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу. Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.

Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алды.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан бұл олимпиаданы өзі қабылдап, тағы да 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізген болатын.