2025 жылғы ректор гранты: қай университеттер тегін оқу мүмкіндігін ұсынады

Qaz365.kz редакциясы

Ректор гранттары – бұл университеттердің өз тарапынан көрсетілетін қосымша қолдау түрі. Ол тегін немесе едәуір жеңілдікпен білім алуға мүмкіндік береді

Ашық дереккөзден

Ғылым және жоғары білім министрлігі ректор гранттарын бөлген университеттердің тізімін Qaz365.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында атап көрсетті. 

Түркия Республикасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 500 гранттық орын (түрік квотасы) бөлді.

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жоғары академиялық жетістіктері бар немесе конкурстар мен олимпиадалардағы үздік нәтижелерімен танылған абитуриенттерге 25 грант береді.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ҰБТ тапсырған, бірақ мемлекеттік гранттар бойынша конкурстан өте алмаған талапкерлерге 10 ректорлық грант береді. Бұл ретте ҰБТ-да ең жоғары нәтиже көрсеткен үміткерлер басым дауысқа ие.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бөліп отырған грант саны – 10.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті 5 грант бөлген.

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті 100% грант бөлеміз деп отыр. Алтын белгі иегерлеріне және Олимпиада немесе Азия ойындарында жүлделі орынға ие болған ҚР құрама командасының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорт шебері, спорт шеберіне үміткерлерге беріледі. Орындар саны шектеусіз.

Семейдегі Шәкәрім атындағы білім беру гранты белгілі бір оқу жылына немесе бүкіл оқу мерзіміне тағайындалуы мүмкін. Шәкәрім атындағы білім беру грантының иегерлеріне оқу ақысына 100% жеңілдік беріледі және Ректордың қолы қойылған арнайы сертификат табысталады. Шәкәрім атындағы білім беру грантына үміткерлер – Шәкәрім университеті немесе колледжінде оқитын немесе оқуға түсетін білім алушылар (белгіленген санаттар бойынша). Орын саны шектеусіз. Тек шетелдік студенттер үшін биыл 30 орын бекітілген.