Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев уәде еткенімен мектептегі сынып жетекшілерінің айлығы өспей жатыр
Үкіметтегі баспасөз конференциясында Қаржы министрі Тәкиев сынып жетекшілердің үстемеақысы қашан өсетіні жайлы Qaz365.kz тілшісінің сұрағына жауап берді.
Министр бюджет жоспары әлі де талқылау үстінде екенін айтып қысқа қайырды.
“2026-2028 жылғы бюджет талқыланып жатыр. Әлі де нақтылаймыз. Алдағы аптада қарастырылып бекітіледі. Барлығын ресми түрде жариялаймыз. Сол кезде көресіз”, - деді Тәкиев.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024 жылы бірнеше рет мектептегі сынып жетекшілерінің айлығына қосылатын үстемеақы үш есе көбейетінін айтқан еді. Бұл бастаманы тіпті, «Президенттің өзі қолдап отырғанын» мәлімдеген. Бірақ былтырғы сүйіншінің игілігін мұғалімдер биыл көре қоймайды. Себебі бұл бағытта биыл бюджеттен ақша бөлінбеген.