1 сынып: Алматыда қазақ сыныптарын таңдағандар 57 пайызға жетті

Әдлет Нұран

Алматыда жаңа оқу жылына 26 991 бала бірінші сыныпқа қабылданды

Ашық дереккөзден

Алматыда биыл жаңа оқу жылына баратын 27 мыңға жуық баланың 15 424-і қазақ сыныбын таңдаған. Бұл деректі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сайран Сайфеденов қала бойынша 1 сыныпқа қабылданғандардың 57 пайызы қазақ сыныптарын таңдағанын айтты. Статистика бойынша қалада қазақ тілінде оқитын оқушылар саны жыл сайын артып келе жатқанын да атап өтті.

«Жалпы қала бойынша 1 сыныпқа қабылданғандардың 57 пайызы қазақ сыныптарын, қалғандары орыс сыныптарын таңдаған. Негізінен статистикаға жүгінсек, қазақ тілінде оқитын оқушылар саны жыл сайын өздігінен артып келеді. Мысалы, 1990 жылы қазақ тілінде бар-жоғы 11 мың оқушы білім алса, бүгінде олардың саны 177 мыңға таяп қалды. Бұл қаладағы барлық оқушының 51 пайызын құрайды. Яғни, 16 есеге өскен. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр», - деді ол.

Ал ата-аналар көп сұрайтын аралас мектеп мәселесіне келсек, Сайфеденовтің сөзінше, мектептің қазақ, орыс немесе аралас болуы – сұраныс пен ата-ана таңдауына байланысты.

Жаңа 12 мектеп оқушыларға есік ашады

Басқарма басшысы Алматыда оқушы орнының тапшылығын азайтып, білім беру мекемелерін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» және «1300 мектепті оңалту» ұлттық жобалары қарқынды іске асырылып жатқанын да айтып өтті.

«Биыл 1 қыркүйекте қалада 12 жаңа мектеп есігін ашады. Жалпы, «Келешек мектептері» жобасы аясында 34,8 мың орынға арналған 21 мектеп салынуда. Оның 13-і «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының қатысуымен жүзеге асып жатыр. Өткен жылы бір мектеп пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылының алғашқы күнінде тағы 7 мектеп іске қосылады.

Бұдан бөлек, тамыз айының соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып, қыркүйекте оқушыларды қабылдайды. Сондай-ақ, жеке инвесторлардың қатысуымен қосымша 8 мектеп салынып жатыр.

2025–2027 жылдары Алматыдағы 31 мектепте жаңарту жұмыстары жоспарланған. Алдағы үш жылда «1300 мектепті оңалту» жобасы аясында күрделі жөндеу мен қайта құру кезең-кезеңімен жүргізіледі», - дейді ол.

Қалада қосымша 3 мыңнан астам орын ашатын 13 мектеп пен 8 қосымша ғимаратта сейсмикалық күшейту және қайта құру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы бірнеше нысан пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, 8 балабақша мен Машина жасау және телекоммуникациялар колледжі күрделі жөндеуден өтуде. Жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары 188 мектепте, 48 балабақшада, 15 колледжде, 7 интернатта және қосымша білім беретін 4 мекемеде жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бөлінген.

Білім беру саласында қауіпсіздік пен цифрландыру

Алматыда мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр.

Қаладағы барлық мемлекеттік мектеп (216) пен балабақша (196) кешенді қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Оған бейнебақылау, дабыл түймелері, өрт дабылы және кіріп-шығуды бақылайтын жүйелер кіреді.

Барлығы 21 106 бейнекамера орнатылды: оның 12 450-і мектепте, 8 656-сы балабақшада. Әр мекемеге дабыл түймесі қойылып, мектептерге кіріп-шығуды бақылау жүйесі енгізілді, ал балабақшалар домофонмен қамтылған.

2025 жылға дейін жан басына қаржыландыру есебінен Алматы мектептеріне 75 жаңа пәндік кабинет (химия, физика, биология, STEM, робототехника) сатып алу жоспарланған. Қазірдің өзінде 41 кабинет толық жеткізіліп, пайдалануға берілген.

Алматы мектептерінің барлығы жылдам интернетпен қамтылған. Оптикалық-талшықты байланыс желісі арқасында әр мектеп 100 Мбит/с жылдамдықпен интернетке қосылады. Интернет қауіпсіздігі үшін CGNAT жүйесі енгізілген.