Ғалымдар флора мен фаунаны сақтауда күш біріктірмек

Qaz365.kz редакциясы
Qaz365.kz/Дина Имамбаева

Алматыда әлемнің үшінші полюсіндегі өсімдіктердің алуантүрлілігін сақтау жөніндегі ІІІ халықаралық симпозиум басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазіргі уақытта адамның деструктивті әрекеттерінің салдарынан флора мен фаунаға қауіп төніп тұр. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда табиғатты қорғаудың өзектілігін ерекше атап өтіп, биологиялық алуантүрлілікті сақтаудың Халықаралық қорын құру қажеттігін айтқан болатын. Табиғи экожүйелерді сақтау тек экологиялық мәселе емес, сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуының стратегиялық міндеті. Осы орайда ғылыми қоғамдастық, сарапшылар және экологтар бас қосып, күш-жігер біріктіру арқылы табиғатты қорғаудың тиімді шешімдерін іздестірмек.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ІІІ Халықаралық симпозиумға Қытай ғылым академиясының академигі Ханг Сун, Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Комилжон Тожибоев, 14 елінен жүзден аса танымал ғалымдар қатысуда. Жетекші ғалымдар өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерді талқылайды, жабайы флораны зерттеу мен сақтау жөнінде баяндамалар жасайды, шеберлік-сабақтарын өткізеді.  

ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі Ерлан Тұрысбековтың айтуынша, Қазақстанда биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселесіне баса назар аудару керек. Ерекше қорғалатын аумақтар, қорықтардың экологиялық мәселесі көп. 1992 жылдан 2023 жылға дейін егістік жердің 25-30 миллион гектары құнарынан айырылды. Ол жерлердің шөлге айналу қаупі бар.  

Қазақстанда 6000-нан астам өсімдік бар, оның 387-сі Қызыл кітапқа енгізілген. 24 түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне кірді. 131 омыртқалы және 96 омыртқасыз жануар сирек кездеседі және жойылуға таяу. Жан-жануар, өсімдік, жәндіктердің жойылуына себепкер басты фактор – олардың табиғи аумағының тарылуы, өнеркәсіп пен урбанизацияның дамуы. Климаттың өзгеруі салдарынан су ресурстары азаюда, жайылым тозды, шөлдену күшейіп, мұздықтар еріп жатыр.

Орталық Азияда биоалуантүрлілікті сақтау үшін бірлескен кеңес құру, табиғатты пайдалануда өзара ынтымақтастық орнату қажет дейді ғалымдар.

Симпозиум аясында аймақтағы өсімдіктердің биоалуантүрлілігін зерттеу үшін Орталық Азия желісі құрылады.

Қазақстан әлемде қызғалдақтың отаны деп танылған. Ауқымды жиында Оңтүстік Қазақстанның жабайы қызғалдақтарын зерттеу және сақтау мәселесі де сөз болады.