Бағдарлама қазақстандық оқу жүйесіне бейімделген
Қазақстанда мұғалімдерге жасанды интеллектті қолдану бойынша тегін оқыту басталды. Бұл деректі Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Қазақстандық педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған оқыту басталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдердің кәсіби даярлығын заманауи талаптарға сай жетілдіру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп жаңа бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама халықаралық тәжірибе негізінде әзірленіп, қазақстандық оқу жүйесіне бейімделген.
Министрлік мәліметінше, оқыту барысында педагогтер:
• жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс қолдануды;
• промпт жазу әдістерін;
• сабақ жоспарлау тәсілдерін;
• тестілер мен оқу материалдарын әзірлеуді;
• иллюстрациялар жасауды;
• оқу мазмұнын жетілдіру және оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдарын меңгереді.
«Бағдарлама жасанды интеллектіні педагогтің орнын алмастырушы емес, кәсіби қызметін жеңілдететін сенімді құрал ретінде қолдануға бағытталған. Ол мұғалімге шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған бұл оқуға мұғалімдер https://reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркеліп, LMS платформасында тегін қатыса алады. Бір аптаның ішінде 100 мыңға жуық адам қатысып, соның жартысына жуығы сертификат алған.