«Егжей-тегжейін жазбаңыздар»: Министрлік журналистерге үндеу тастады

Әдлет Нұран

Студенттер оқиғасының барлығы биіктен құлау арқылы болған

Фото әлеуметтік желіден

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Абылайхан журналистерді студенттердің өз-өзіне қол жұмсауы туралы материалдарды жариялағанда аса сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақерке Абылайханның айтуынша, соңғы уақыттарда өз-өзіне қол салу фактілері бір сценариймен қайталанып жатыр.

«Байқайсыздар ма, студенттердің өз-өзіне қол салу жағдайлары бір-біріне ұқсап барады. БАҚ-тан қараңыздаршы, Вертер әсері деген бар. Меніңше, біз кейде солай істеуге болады дегенді өзіміз көрсететін секілдіміз. Егер осы фактілер жайлы жазар болсақ, егжей-тегжейін жазбай-ақ қоялықшы. Мұндай қайғыға душар болған отбасылардың өзі «жеке мәліметтерімізді жарияламаңыздаршы» деп өтінеді. Соңғы үш оқиғаның барлығы биіктен құлау арқылы болған. Ал құқық қорғау органдары әр істі тергеумен айналысып жатыр», – деді ол.

Министрлік өкілі журналистерге үндеу тастап, студенттердің суицид жағдайларын жазғанда жеке мәліметтерді жарияламауға және әдісті сипаттап көрсетпеуге шақырды.