Алматы облысында жаңа оқу жылында 9 жаңа мектеп ашылды

Qaz365.kz редакциясы

Оның сегізі ұлттық «Келешек мектеп» жобасы аясында салынған

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Білім күніне орай Алматы облысында 491 мектептің есігі айқара ашылып, 362 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. Оның ішінде 35,5 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – өңірде 9 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 8-і ұлттық «Келешек мектеп» жобасы аясында салынса, тағы біреуі жеке инвестордың қаражаты есебінен бой көтерді. Бұл нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылар үшін қолайлы орта қалыптастырды.

Алматы облысында жаңа оқу жылына орай білім беру ұйымдары оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 3 млрд теңге бөлініп, барлығы 808 568 жаңа және қайта басылған кітап сатып алынды.

4-сынып оқушылары үшін алғаш рет қазақ тілінде оқытатын мектептерге арналған орыс тілі, сондай-ақ ағылшын, неміс, француз тілдері, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, цифрлық сауаттылық және жаратылыстану пәндерінен жаңа оқулықтар енгізілді. Орта және аға буынға арналған қазақ және орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, биология, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі және көркем еңбек пәндері бойынша жаңартылған басылымдар жеткізілді.

Сонымен қатар «Қазақстан географиясы» (7–8 сынып), «Қазақстан тарихы» (8 сынып), «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» (10–11 сынып) және «Құқық негіздері» (11 сынып) оқулықтары қайта басылып шықты.