Кіріктірілген пәндерді оқытатын мұғалімдер бізде жоқ - Нұргүл Тау

Әдлет Нұран

Мәселе тек пәндердің мазмұнында ғана емес, мұғалімдердің дайындығында 

Мәжіліс

Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде пәндерді біріктіру немесе кіріктіріп оқыту бағдарламасы еліміздің 20 өңірінде пилоттық жоба ретінде іске қосылғанын хабарлаған еді. Алайда бұл бастамаға қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр. Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау жобаға күмәнмен қарайтынын жеткізді.

«Мен ол жобаны білемін. Қолдаймын деп айта алмаймын. Өйткені әр пәннің өз орны бар, оны бала үйренуі тиіс. Геометрия керек емес деп ешкім айта алмайды. Ғимарат салу үшін де геометрия қажет. Сол сияқты химия мен биология да бөлек әлем. Әрқайсысының өмірде маңызы бар. Еуропада Science деген пән бар, онда біріктіріп оқытады. Бірақ оларда тәжірибелік база қалыптасқан, бізде ондай жоқ. Сондықтан ойланып істеу керек», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, мәселе тек пәндердің мазмұнында ғана емес, ең алдымен мұғалімдердің дайындығында тұр.

«Бұл дұрыс қадам деп айта алмаймын. Мысалы, бізде АЭС салынып жатыр. Егер физиканы мықты меңгермесе, оны қалай игереді? Science пәнін беру үшін мұғалім физиканы да, химияны да, биологияны да білуі тиіс. Ал бізде мұндай мамандар жоқ. Оларды дайындауға кем дегенде төрт жыл қажет. Бір мұғалім бәрін бірдей меңгереді деп айту қиын», – дейді депутат.

Нұргүл Таудың пікірінше, пилоттық жоба аяқталған соң оның нақты нәтижесін күтіп, асығыс шешім қабылдамау керек.