Қазақстан шетел студенттеріне жұмыс визасын бере бастайды

Әдлет Нұран

Аталған бастаманы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көтерді

Фото әлеуметтік желіден

Министрдің айтуынша, шетелдік студенттер үшін С9 санатындағы көп мәртелік электронды виза жаңадан қарастырылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Сондай-ақ жұмыс істеуге рұқсат беретін визаны енгізуді ұсынамыз. Бұл виза халықаралық аккредитациясы бар университетті бітірген шетелдік түлектерге арналған. Бұл шара үздік түлектерді Қазақстанда мансап құруға ынталандырып, еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Саясат Нұрбектің айтуынша, бұдан бөлек, еліміздің көші-қон саясаты тұжырымдамасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша визаларды енгізу қарастырылған. Мұндай визалар ғылым, білім, технологиялар салаларында құнды дағдылары бар шетелдік мамандарға және этникалық қазақтарға беріледі.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай мүмкіндіктер көп елде бар. Мысалы, Канадада түлектерге 1 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат бар. Дубайда шетелдік студенттер ұзақ мерзімді визалар алады, ал үздік студенттерге арнайы «Алтын виза» беріледі. Мәскеуде студенттерге әлеуметтік және білім беру жеңілдіктерін беретін «Мәскеулік карта» жұмыс істейді», - дейді министр.