Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерге жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу мәселесіне байланысты Оқу-ағарту министрлігін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, бастаманың мазмұны әлі күнге дейін түсініксіз күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерде жасанды интеллектіні енгізу мәселесінде нақты жауап берілмей отырған көптеген маңызды сұрақты көтерді.
Депутаттың айтуынша, “Алақан”жүйесі арқылы төлем жасауды ЖИ-дің енгізілуімен шатастыруға болмайды. Негізгі мәселе – қыркүйектен бастап мектептерге ЖИ енгіземіз деген бастаманың мазмұны түсініксіз күйде қалып отыр.
«Бұл жерде басты сұрақ – біз балаларға ChatGPT-ді қолдануды үйретеміз бе, әлде нені үйретеміз? Мұғалімдер дайын ба, дайын емес пе? Инфрақұрылым бар ма? Нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілді ме? Этикалық мәселелер қалай шешіледі? - деген сұрақтар әлі ашық тұр. Ал тамақтану бойынша төлем жүйесін талқылаудан гөрі бұл әлдеқайда маңызды мәселе», – деді депутат.
Оның сөзінше, мектептердегі бағдарламалар қалай өзгеретіні, бағалау жүйесінің қалай құрылатыны, академиялық адалдықты сақтау мәселесі шешімін таппаған.
«Қазір біз бір жағынан смартфонды мектепте шектеуді ұсынамыз, екінші жағынан ЖИ-ді көбірек енгіземіз дейміз. Бұл екеуі қалай үйлеседі? Персоналды оқыту қалай іске асады? Балалар ChatGPT немесе Gemini-ді үй тапсырмасын орындауға, сабақ үстінде шпаргалка ретінде қолданып жүр. Бұл жағдайда не істейміз? Академиялық адалдықты қалай қамтамасыз етеміз? Стандарттар мен оқу жоспарлары өзгерді ме? Бағалау жүйесі қалай түрленеді? Осындай маңызды сұрақтарға нақты жауап дайындалуы керек еді», – деді депутат.
Айта кетейік, Үкіметтің Жасанды интеллектті оқытуға бағытталған мектептерді дамыту үшін Ұлттық қордан 1 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл жайлы Цифрлық даму бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин Сенаттағы брифингте мәлімдеді.