Депутат Жасанды интеллектіні пайдалану «сабақты ChatGPT-мен оқу» дегенді білдірмейтінін айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфонды қолдануды шектеу мен Жасанды интеллектіні енгізуді қатар қарастыруда қайшылық жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, қазір көптеген мектептер өз бетінше смартфонды мектепке әкелмеу туралы шешім қабылдап жатыр. Зерттеулер де оқушыларға телефонның кері әсерін дәлелдегенін жеткізді.
«Менің ойымша, смартфондарды мектепте реттеу бойынша мәселені қолға алу керек. Көп мектеп телефонды мектепке кіргізбеу бойынша шешімдер қабылдап жатыр. Меніңше, өте маңызды дұрыс шешім. Мәселен, мықты мектептер – Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері бұл мәселені өздері реттеп отыр. Телефонды шектеген шешім өте дұрыс деп ойлаймын», – деді Аймағамбетов.
Сонымен бірге, ол Жасанды интеллектіні пайдалану «сабақты ChatGPT-мен оқу» дегенді білдірмейтінін атап өтті.
«ЖИ қолдану – бұл сыни ойлау қабілетін дамыту, оқу сауаттылығын арттыру, фактчек дағдыларын үйрету, академиялық адалдықты сақтау, әр оқушыға икемделген оқыту мүмкіндігін ашу деген сөз. Бізде арнайы LMS жүйелері бар, сол арқылы компьютер мен ноутбуктар арқылы білім беруге толық жағдай жасауға болады», – деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, дәл осы тұрғыда смартфонды шектеу мен Жасанды интеллектіні дамыту қатар жүзеге асуы тиіс және мұнда қарама-қайшылық жоқ.