Атырауда жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған зияткерлік сайыс өтті
Атырау облысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында «XXI ғасыр көшбасшылары» зияткерлік сайысы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Qaz365.kz
Іс-шара Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының, «Атырау облысының Жастар ресурстық орталығының» және Атырау студенттері Альянсының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өтті.
Зияткерлік додаға өңірдегі 12 колледж және 2 жоғары оқу орнынан құралған студенттік командалар қатысты. Қатысушылар заң, тарих және жалпы білім тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап беріп, өздерінің логикалық ойлау қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерін көрсетті.
Сайыс нәтижесінде бірінші орынды Атырау жоғары медициналық колледжі, екінші орынды Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі, ал үшінші орынды Атырау көлік және коммуникация колледжі иеленді.
Барлық қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Жалпы сайысқа 60 жас қамтылды.
Бастама жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, ой-өрісін кеңейтуге және әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған.