Алматыда Шора Сарыбаевтың 100 жылдығы тойланды

Qaz365.kz редакциясы
Алматы қалалық әкімдігі

Алматыда академик Шора Сарыбаевтың 100 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тіл ғылымының тарланын еске алу шарасына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік тілтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конгресс барысында Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді:

Шора Сарыбаев – тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын терең зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтіп, ғылыми дамуына зор үлес қосты. Белгілі академик қазақ тілінің аймақтық сөздігін құрастыру мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырып, іргелі зерттеулер жүргізді. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты, тіл білімінің библиографиясын әзірледі. Ғалымның еңбек жолын отандық ғылымға деген адалдықтың озық үлгісі деуге болады,- делінген Президент құттықтауында. 

Конгреске Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдар сөз алды. Олар бұл шараның бүкіл түркі жұртына ортақ екенін мәлімдеп, ғылыми зерттеулерін бөлісті. 

Шора Сарыбаевтан ғылыммен шынайы айналысудың жолын үйрендік. Артында қалған мұраларын зерттей келе, оның тек ғылымға ғана емес, ғылыммен айналысу әдістемесіне де үлкен үлес қосқанын көріп отырмыз. Ол – нағыз академиялық мектептің өкілі, – дейді ғалымның шәкірті Қаламқас Сейдоллақызы. 

Іс-шарада Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасы жинақталған 6 кітаптың түсауы кесілді.