Әлемнің түкпір-түкпірінен келген беделді ғалымдар мен сарапшылар Алматыда бас қосты
Алматыда инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс аясында «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстан Республикасының білім беру және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы қаласының әкімінің орынбасары және халықаралық сарапшылары, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген беделді ғалымдар мен сарапшылар, педагог-практиктер, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әр елдің үкімет мүшелері инклюзия саласындағы жаһандық маңызы зор мәселелерді бірлесіп талқылады.
Дөңгелек үстелде сөз алған Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның білім беру жүйесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әділетті қоғам құру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, тең әрі сапалы біліммен қамтамасыз ету, заңнамалық базаны жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және мұғалімдердің кәсіби дамуына басымдық беру бағыттарына ерекше көңіл бөлініп жатыр.
«Елімізде инклюзивті білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап инклюзивті білім беру мәселелерін жүйелі шешу мақсатында 9 мәрте нақты тапсырмалар бергенін атап өткім келеді. Бұл туралы Пленарлық отырыста кеңірек тоқталатын боламын. Инклюзияның негізі – адами құндылықтар: сыйластық, қабылдау және қолдау. Біз заманауи сын-қатерлер мен жаһандық үрдістерді ескере отырып, білім мазмұнын жетілдіруде күш біріктіріп, тиімді стратегиялар әзірлеу, тәжірибе алмасу және қолдау механизмдерін нығайтуға шақырамыз. Конгресс барысында талқыланатын тақырыптарды біріктіретін құжат – әрбір баланың тең құқылы білім алуын көздейтін «Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясын назарларыңызға ұсынамыз», - деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының төртінші Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі оқушылардың жалпы білімге қол жеткізуін арттыратын заң жобасы Үкіметтің отырысында қолдау тапқанын мәлімдеді. Сүлейменованың айтуынша, соған қатысты Қазақстанда үшінші пакетке үлкен өзгерістер енгізіледі. Олардың ішінде білім қолжетімді болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек тиімді әрі кең көлемде болу үшін арнайы цифрлық платформа құрылатын болады. Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық қызмет лицензияланады. Бұдан бөлек, жалпы мүмкіндігі шектеулі оқушы ретінде танылмаса да, бірақ аурудан кейін қолдауды қажет ететін азаматтарға, оның ішінде оқушыларға техникалық құрал-жабдықтарды тегін беру мәселесі қарастырылуда. Бұл – үшінші пакет заңнамалық өзгерістер.
«Әлемнің 37 мемлекетінен 195 эксперт келген білім беру конгресінде осы инклюзивті білімді дамытудың нақты бастамалары мен ұстанымдары талқыланатын болады. Атап өткім келеді, бұған Оқу-ағарту министрлігінің бір де бір қаражаты кеткен жоқ. Бұл жерде «Қазақмыс» компаниясы мен IQ компанияларының демеушілік көрсеткен қаражаты екенін атап өткім келеді. Жалпы инклюзивті білім беруге біздің қоғамдастықтың дайын екендігінің бір дәлелі, үлгісі деп атап өткім келеді. Түске дейін Алматы декларациясы талқыланды. Онда құндылықтар, білім беру саласындағы мұғалімдерді қалай дайындаймыз, мүмкіндігі шектеулі балаларды тең жағдайдағы балалармен бірге оқытқанда бағалау стандарттары қалай болады, қоғамға бейімдеу, оларды еңбек нарығына дайындау мәселелері, медициналық көмек көрсету мәселелерінің барлығы талқыланды. Мектеп жасында 165 мың инклюзивті бала бар екен. Оларды оқыту, кадр мәселесі, материалдық базаны шешу мәселесі мектеп жанынан қалай қарастырылып жатыр? Бүгінгі таңда ресурстық әдістемелер мен оқулықтарды қамтамасыз ету, мұғалімдерге әдістемелік гайдбук дайындау бойынша біраз жұмыстар жасалды. 217 мектеп салынып жатыр, ол жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалады», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова бүгінгі таңда зияткерлік мектептер, BINOM мектептері, Білім-инновация лицейлері инклюзивті білім алуға байланысты өздерінің нақты тәжірибелерін бөлісетінін айтты. Дегенмен, ауылдық жерлердегі және ескі, 100 жылдық тарихы бар мектептерде пандус жасау, лифт орнату мәселесі қиындық туғызуда. Соған байланысты оларды бөлек интернат арқылы оқыту мәселесі де қаралады.
«Бірақ үлкен мәселе – педагогтарды даярлау. Бастапқы талқылауда айтылды: педагогтарымыздың негізгі, бастапқы педагогикалық дағдылары болуы қажет деді. Десе де, қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті, Қыздар педагогикалық университеті, Арқалықтағы Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық университет және Оқу-ағарту министрлігіне қарасты 41 педагогикалық колледжбен бірлесіп, осы инклюзивті білім беруге байланысты педагог кадрлар даярлауға арналған арнайы саясатымыз бен стратегиямыз қабылданатынын атап өткім келеді. Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігінің тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инклюзивті білім ордасын құруға байланысты үлкен жұмыс тобы құрылатын болады. Оған қазақстандық эксперттер, ата-аналар және мектеп мұғалімдері шақырылады», – деді министр.
Сонымен қатар жиында Тәжікстан Республикасының білім беру және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро Тәжікстандағы инклюзияның даму тәжірибесімен бөлісті, SEAMEO Secretariat директоры Датук Хабиба Абдул Рахим Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі мен ынтымақтастығы туралы айтты, Алматыдағы UNESCO Regional Bureau директоры Амир Пирич инклюзивті және әділ білім беруді ілгерілетудегі ЮНЕСКО-ның рөлін атап өтті, UNICEF өңірлік кеңесшісі Нора Шабани Еуропа мен Орталық Азиядағы инклюзивті білім берудің дамуына шолу жасады, International Forum of Inclusion Practitioners (IFIP) президенті Даниэль Собель инклюзияның жаһандық тәжірибелері мен мектептерді қолдау тәсілдері туралы пікір білдірді, Марокко Білім министрлігінің өкілі Лубна Белаббес білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық шаралар туралы баяндады, Әзербайжанның Мектепке дейінгі және жалпы білім беру жөніндегі мемлекеттік агенттігі директорының орынбасары Ягублу Вафа Мисировна мен Босния және Герцеговина Федерациясының Сараево кантонының Тәрбие және білім беру мәселелері жөніндегі министрлігінің өкілі Мелисса Миздрак өз елдері мен аймақтарының тәжірибесін таныстырды, ал Google for Education өкілі Крис Блейни инклюзивті білім беруді жаһандық деңгейде қолдауға арналған технологиялық шешімдерді ұсынды; сондай-ақ әйгілі сәулетші, Fuji Kindergarten жобасының авторы Тахакура Тэдзука өз идеялары мен тәжірибесін ортаға салды.
Дөңгелек үстел барысында Инклюзивті білім беру жөніндегі Алматы декларация талқыланды.
Айта кетсек, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар және «тәуекел» тобындағы балаларды ерте анықтау үшін 110 ПМПК мен 509 арнайы ұйым жұмыс істейді. Мектептерде 1000-нан астам қолдау кабинеті ашылып, 29 мыңнан астам маман психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, оның ішінде 10 мыңнан астамы – арнайы педагогтер.