Талғардан басталды: Мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді

Qaz365.kz редакциясы

Буллингке және ерте жүктілікке қарсы бастамалар қолға алынып жатыр

Еліміздің мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллингтің алдын алу мақсатында жаңа бастамалар қолға алынды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев Qaz365.kz тілшісіне айтып берді.

Оның айтуынша, министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүргізіп жатыр.

«Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар әлі де кездеседі. Бұл – тек министрліктің емес, жергілікті атқарушы органдар мен білім басқармаларының да ортақ жауапкершілігі», – деді Карамбаев.

Өткен жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде «Қауіпсіздік сабақтары» өткізіліп келеді. Бұл сабақтарда балаларға өз құқықтары, буллинг пен кибербуллингтің зияны, сондай-ақ қауіп төнген жағдайда өзін қалай қорғау керектігі түсіндіріледі. Әр сабақтың ұзақтығы шамамен 10 минут, жылына үш рет өткізіледі.

Биыл Алматы облысы Талғар ауданында «Заң және тәртіп» атты пилоттық жоба іске қосылды. Онда прокуратура және полиция қызметкерлері арнайы сабақ өткізіп, балаларға заңды сыйлау, қауіпсіз мінез-құлық дағдылары мен құқықтық мәдениетті үйретеді. Егер жоба сәтті нәтиже берсе, оны еліміздің барлық өңірлеріне енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап мектептер мен колледждерде «Дос болайық» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, балалар арасында өзара сыйластық пен мейірімді қарым-қатынасты қалыптастыру.

Жомарт Карамбаев қыздардың ерте жүктілігі мәселесіне де тоқталып, бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп кешенді жоспар әзірлеп жатқанын айтты. Жақын уақытта осы тақырыпта кең көлемді жиын өткізілмек.

Комитет тек жаңа жобаларды іске асырып қана қоймай, педагогтер мен ата-аналарға арналған әдістемелік нұсқаулықтар әзірлеп, жыл сайын жаңартып отырады.

Карамбаевтың айтуынша, буллингке қатысты жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, құқық бұзушылыққа жол берген жағдайда жауапкершілік тек оқушыға емес, оның ата-анасына да жүктеледі.

«Мектеп пен мұғалімдердің жауапкершілігі туралы айтсақ, егер оқиға сабақ кезінде немесе мектеп аумағында болса, онда мектеп әкімшілігі мен мұғалім міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Ал егер оқиға мектептен тыс жерде болса, педагогтер мен директорлар жауапқа тартылмайды. Өйткені бала сабақ үстінде болған кезде оның өмірі мен қауіпсіздігіне мектеп ұжымы – әкімшілік те, мұғалім де, сынып жетекші де толық жауапты», – деді Карамбаев.

БҰҰ және халықаралық ұйымдардың зерттеулері соңғы жылдары Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткіштері азайғанын көрсетіп отыр. Сарапшылар бұл жетістікті мемлекеттің жүйелі жұмысы мен балалардың құқықтық және психологиялық қорғалу деңгейінің артуымен байланыстырады.