Сәтбаев университетінің ғалымдары әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды

Qaz365.kz редакциясы

Президент сыйлығы – отандық ғалымдардың еңбегіне берілген лайықты баға

Фото: Satbayev University

Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ғылым мен техника саласы бойынша әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық Сәтбаев университетінің ғалымдары – «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталарының атласы» атты іргелі еңбектің авторлар ұжымы марапатталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Лауреаттар қатарында ҚР ҰҒА академигі Малис Абсаметов, геология-минералогия ғылымдарының докторы Рахматулла Аязбаев, Қазақ ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Ержан Көлдеев, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Ермек Мұртазин және ҚР МРА академигі Владимир Смоляр бар.

Атлас Қазақстан тарихында алғаш рет елдің жерасты гидросферасын кешенді түрде картаға түсірген ғылыми жоба болды. Онда ел аумағының геологиялық құрылымы, сулы қабаттар мен олардың химиялық құрамы, жерасты суларының экологиялық жай-күйі туралы мәліметтер бірінші рет жүйеленіп, бірыңғай геоақпараттық жүйе жасалды.

Бұл еңбек Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғатты ұтымды пайдалану саясатын іске асыру жөнінде стратегиялық мәнге ие болып отырған бірегей ғылыми жетістік ретінде бағаланды. Атласты Су ресурстары және ирригация министрлігі, Геология комитеті, өңірлік әкімдіктер мен жетекші жоғары оқу орындары өз тәжірибесінде кеңінен қолданып келеді.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазақстандық ғалымдардың бұл еңбегі жер асты суларын картаға түсірудің әлемдік стандарттарына сай келеді және осы аймақтағы елдер үшін үлгі боларлық ғылыми жоба саналады.

Сондай-ақ тағы бір ғалымдар тобы жоғары тазалықтағы селен алу технологиясын әзірлегені үшін марапатталды. Олар мыс өндірісінің шламдарынан тазалығы 99,5% болатын селен алу технологиясын жасап шыққан. Бұл әдіс металлургиялық қалдықтардағы сирек элементтерді тиімді бөліп алып, оларды құнды өнеркәсіптік шикізатқа айналдыруға мүмкіндік береді.

Жоба техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің жетекшілігімен жүзеге асырылды. Зерттеу экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өңдеу тәсілдерін дамыту мен елдің шикізаттық тәуелсіздігін нығайту ісінде маңызды рөл атқарады.

Президент сыйлығы – отандық ғалымдардың ұлттық металлургия ғылымын дамытуға қосқан еңбегіне берілген лайықты баға әрі қазақстандық технологиялардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.