Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртек полигоны ашылды

Qaz365.kz редакциясы

Ақмола облысында еліміздегі алғашқы агроклиматтық көміртек полигоны «Kaz Agro Carbon» ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz. Жоба ауыл шаруашылығында климаттық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.

Полигон ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында ашылды. Жобаның шетелдік серіктесі – Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы.

Нысан экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, көмірқышқыл газы мен метан ағынын өлшейтін сенсорлар, сондай-ақ температура мен жауын-шашынды тіркейтін метеостанциялар орнатылған.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев атап өткендей, Қазақстанның кең жайылымдары мен тың жерлерін қалпына келтіріп, оларды тиімді көміртегі қоймасы ретінде пайдалануға болады.

«Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық. Бұл полигон азық-түлік қауіпсіздігі мен климаттық саясатты ұштастыратын ғылыми алаңға айналады. Мұнда ғалымдар ауыл шаруашылығы экожүйелеріндегі парниктік газдарды азайту және көмірқышқыл газын сіңіру технологияларын сынақтан өткізеді», – деді ол.

Ресей ғылым академиясының вице-президенті П.А. Чекмарёв екі елдің серіктестігі көміртекті агротехнологияларды дамытуға серпін беретінін атап өтті.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл көміртекті квоталар саудасы арқылы ел экономикасына жыл сайын шамамен 25 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Жаңа полигон фермерлер үшін тәжірибелік алаңға айналып, жиналған көміртегіні сертификаттау және квоталау жүйесіне қатысуға жол ашады. Осылайша, экологиялық нәтижелер нақты экономикалық табыс көзіне айналмақ.

Полигонның ашылу салтанатына ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мұрат Ошурбаев, ресейлік және қазақстандық ғалымдар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен фермерлер қатысты.

 

Күтілетін нәтиже – «Kaz Agro Carbon» полигоны Қазақстанда көміртегі бірліктерін сертификаттау және квоталау жүйесін дамытудың негізгі орталығына айналып, халықаралық климаттық жобаларды іске асыруға негіз болмақ.