Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік студенттердің санын айтарлықтай арттыру жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл — ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
– 2029 жылға қарай бұл межені 100 мың студентке дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі жеңілдетіліп, шетел азаматтарының алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар үздік түлектердің Қазақстанда қалып, еңбек етуіне мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу инженерлік және IT салаларындағы білім беруді дамыту мақсатына толық сай келетінін атап өтті.
– Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл — Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын және Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да аса маңызды. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы бағыттағы жұмысқа белсенді қатысуға ниет білдірді. Біз міндетті түрде бірге жұмыс істейміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен байланыстырудың маңызын да атап өтті.
– Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Исақаевтың айтуынша, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл — еліміз үшін аса маңызды жоба. Себебі Қазақстанда күкірт қоры мол. Аталған бастама химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін беріп, экологиялық түйткілдердің шешілуіне де ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.