Оқу-ағарту министрі Абай облысының білім жүйесін жоғары бағалады

Qaz365.kz редакциясы

Сүлейменова Абай облысын еліміздегі білім мен ғылымның негізгі орталығы деп атап өтті

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысына жұмыс сапарымен барған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірдегі білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, ұстаздар мен оқушылардың жетістігіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің сапары Бесқарағай және Аягөз аудандарынан басталып, Жарма ауданында жалғасты. Аягөз ауданында ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған жаңа «Келешек мектебінің» ашылу салтанатына қатысты. Халықаралық стандарттарға сай, 600 орынға арналған заманауи мектептің құрылысын министр ерекше атап өтті.

Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова шағын жинақты Басшыкөл мектебіне барып, ауылдық білім ордасының жұмысына оң бағасын берді.

«Мектептің ішкі мәдениеті, сабақ беру әдісі және ұстаздардың кәсіби дайындығы мені қатты қуантты. Ауылдық мектептердің осындай деңгейге жетуі – ұстаздардың еңбегінің жемісі», – деді министр.

Сапар барысында ол Жарма ауданындағы Ақтайлақ би мектебінде болып, оқушылардың ғылыми ізденістерін жоғары бағалады. Мектептің ғылыми жобаларының бірі — жауын-шашын мөлшері мен жерге сіңу процесін математикалық модельдеу. Бұл жоба республикалық ғылыми байқауда жеңімпаз атанған. Осы мектептің екі оқушысы «Айқанат» мектебінен грант ұтып алып, бүгінде 10–11 сыныптарда білім алып жатыр.

«Бұл мектептің ұстаздары – нағыз жаңашыл педагогтар. Еңбек пәнін жаңа әдістемемен оқытады. Ал “Оқу тайм” атты бір айда бір кітап оқуға арналған жобалары – балалардың оқу мәдениетін қалыптастыруда өте тиімді бастама. Осындай тәжірибелерді өзге өңірлерге де үлгі ету қажет деп санаймын», – деді министр.

Сүлейменова Абай облысын еліміздегі білім мен ғылымның негізгі орталығы деп атап өтті.

«Абай облысы – қазақ интеллигенциясының алтын бесігі. Бұл өңірдің ұстаздары мен оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми және пәндік олимпиадаларда үнемі көш бастап келеді. Сондықтан мен ұстаздарға алғысымды білдіріп, ата-аналар мен балаларға сәлем жолдаймын», – деді ол.