Қазақстандық ғалымдар жүрек ауруын алдын ала анықтаудың жолын тапты

Qaz365.kz редакциясы

Nazarbayev University зерттеушілері жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау саласында ғылыми серпіліс жасап, өз еңбектерін Америкалық жүрек қауымдастығының (AHA) халықаралық конференциясында таныстырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ғалымдар алғаш рет жүректің жаңа биомаркері – гемодинамикалық күштерді анықтау үшін екі түрлі бейнелеу әдісін (эхокардиография және магниттік-резонанстық томография – МРТ) бір уақытта салыстырып, олардың айырмашылығын нақты дәлелдеді.

Зерттеу қорытындысы беделді Nature: Scientific Reports журналында жарияланып, 2025 жылы АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында өткен American Heart Association конференциясында жоғары бағаланды.

Экспериментке дені сау еріктілер қатысқан. Нәтижесінде, ультрадыбыстық әдіс МРТ-ға қарағанда төмен көрсеткіш беретінін анықталды. Бұл дерек клиникалық тәжірибеде екі тәсілді алмастырмай, әрқайсысын нақты мақсатта қолданудың маңызын көрсетті.

Гемодинамикалық күштер – жүрек қызметінің ерте кезеңіндегі өзгерістерді, ауру белгілері пайда болмай тұрып анықтауға мүмкіндік беретін жаңа биомаркер. Қазақстандық ғалымдар алғаш рет дені сау адамдар үшін эталондық көрсеткіштер базасын әзірледі.

«Америкалық жүрек қауымдастығының біздің зерттеуді мойындауы – Nazarbayev University-дің әлемдік ғылыми кеңістіктегі беделінің және қазақстандық медициналық ғылымның әлеуетінің дәлелі», — дейді NU Медицина мектебінің зерттеушісі Айжан Жанқоразова.

Мамандардың пікірінше, бұл зерттеу жүрек визуализациясы мен диагностикасының жаңа бағытын қалыптастырып, халықаралық медицина саласында Қазақстанның үлесін арттыруға жол ашады.