Қазақстанда 40 мыңнан астам оқушы халықаралық тестілеуге қатысады

Qaz365.kz редакциясы

2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында елімізде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) жүзеге асыратын “PISA for Schools” халықаралық зерттеуі өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бағалау жұмысына елдің 1 000-ға жуық мектебінен 40 мыңнан астам 15 жастағы оқушы қатысады. Зерттеу оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану ғылымдары бағыттарында жүргізіледі.

Бұл бастама мектептердің білім беру сапасын халықаралық стандарттармен салыстырып, әр оқу орнының деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.

«Зерттеу қорытындысы бойынша әрбір мектеп жеке есеп алады. Ол есеп арқылы оқу орындары өздерінің артықшылықтары мен осал тұстарын анықтап, білім сапасын жетілдірудің жаңа тәсілдерін әзірлей алады», — деді Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Аширов.

PISA – оқушылардың алған білімдерін күнделікті өмірде қолдану қабілетін бағалауға бағытталған беделді халықаралық бағдарлама. Ол әлем елдеріндегі білім сапасын салыстырып, тиімді реформаларды анықтауға көмектеседі.