Мектептен үйге қауіпсіз жол: 2,5 мың оқушы жарық шағылыстырғышпен қамтылды

Qaz365.kz редакциясы
Жетісу облысы білім басқармасы

Жетісу облысында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Текелі қаласында пилоттық режимде басталған бастама аясында екінші ауысымда оқитын 1–11 сыныптағы 2,5 мың оқушы жарық шағылыстырғыш күртешелермен қамтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, жарық шағылыстырғыш элементтері бар арнайы күртешелер көлік жүргізушілеріне қараңғы уақытта, жауынды немесе тұманды күндері жаяу жүргіншілерді алыстан көруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе кешкі уақытта үйге қайтатын оқушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды.

Тәртіп сақшылары бұл жобаны іске асыру туралы ұсынысты алдын ала ата-аналарға жеткізіп, бастаманы қолдау тапқан.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері өңір мектептерінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жол қауіпсіздігі бойынша 1900-ге жуық іс-шара өткізілген. Оқушыларға түрлі жадынамалар, қауіпсіздік кітапшалары, алғашқы көмек көрсету жөніндегі материалдар таратылған.

Басқарма басшысы Дәурен Жүнісовтің айтуынша, білім беру ұйымдарында оқу жылы бойы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

«Мектептерде “Абайлаңыз, балалар!” апталықтары өтті. Балабақша және бастауыш сынып оқушыларына жол ережесі туралы мультфильмдер көрсетіліп, талдау жасалды. Полиция қызметкерлері жол қиылыстарында арнайы экскурсиялар өткізіп, 5–11 сыныптарда сынып сағаттары ұйымдастырылды», – деді ол.

Жоба өңірдің басқа аудандарында да кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін. Балалар қауіпсіздігін күшейту – облыстағы басты басымдықтардың бірі.