Ұстаздың шәкірт өміріндегі рөлі орасан зор

Qaz365.kz редакциясы
Ашық дереккөзден

Қазақстанда қараша айы дәстүрлі түрде ұстаз еңбегін ұлықтайтын, мұғалім беделін көтеретін маңызды кезең ретінде аталып өтеді. Бұл айда мектеп қабырғасындағы ең негізгі құндылық қайта еске түседі: мұғалім тек білім беруші емес, ол — оқушының өмірлік бағытына әсер ететін тұлға. Соңғы жылдары білім беру саласында жиі айтылатын бір мәселе бар - оқушының психологиялық әл-ауқаты. Мамандардың пікірінше, баланың табысы тек пәндік білімге емес, оның ішкі тұрақтылығына, өзін қауіпсіз сезінуіне, күйзелісті басқаруына да тікелей байланысты.

Осы тақырып төңірегінде Qaz365.kz-ке тәжірибесін бөліскен білім беру және психология саласының маманы Айнұр Смағұлова ұстаз рөлінің қазіргі мектепте бұрынғыдан да маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, оқушының психикасы - оқу жетістігінің “көрінбейтін іргетасы”, ал мұғалім сол іргетасты ұстап тұратын ең жақын ересек тұлғаға айналып отыр.

“Кейде балаға бір ғана дұрыс сөз керек болады. Оны психологқа барып айтуға батылы жетпеуі мүмкін. Бірақ күнде көретін мұғаліміне айтады. Сондықтан мұғалімнің қолдауы - жай эмоциялық жұбату емес, оқушының оқуына, тәртібіне, өзіне сеніміне әсер ететін нақты фактор,”- дейді Айнұр Смағұлова.

Мектептегі стресс көзге көрінбей жиналады. Жоғары баға күту, бақылау жұмыстары, олимпиада, ата-ана талабы, қатарластық бәсеке, әлеуметтік желідегі қысым  бәрі баланың ішкі күйіне әсер етеді. Мұндайда оқушының мінез-құлқы өзгереді: кейбірі тұйықталып қалады, кейбірі ашушаң болады, кейбірі сабақтан қашқақтайды. Көп жағдайда мұның артында “тәртіпсіздік” емес, шаршау, мазасыздық, өзін бағалаудың төмендеуі сияқты психологиялық себеп жатады.

“Біз кейде баланың үлгеріміне қарап ғана қорытынды жасаймыз. Ал үлгерім - салдар болуы мүмкін. Себеп баланың ішкі күйінде, қауіпсіздік сезімінде, өз-өзіне сенімінде жатады. Мұғалім осыны ерте байқаса, үлкен мәселелердің алдын алады”, - дейді маман.

Айнұр Смағұлованың пікірінше, әр мұғалім “психолог” болуы міндет емес. Бірақ әр мұғалімнің психологиялық сауаты және қолдау көрсету мәдениеті болуы өте маңызды. Бұл - баланы тыңдай білу, сөзбен жарақаттамау, қорқыту арқылы емес, сенім арқылы басқару, әділдік пен тұрақтылықты ұстану.

Маман ұстазға қажетті қарапайым, бірақ әсері жоғары бірнеше қағиданы атап өтеді. Біріншісі - оқушының күйін бақылау және өзгерісті ерте байқау. Бала кенет үндемей қалса, үй тапсырмасын жиі орындамаса, көзінде үрей байқалса, сыныптан оқшауланса - бұл сигнал. Екіншісі - қауіпсіз байланыс орнату. Оқушы мұғалімге келіп “мен қиналып жүрмін” деп айта алса, бұл оның құлауының алдын алады. Үшіншісі - қысым кезеңінде дұрыс бағыт беру. Бақылау, емтихан алдында баланы “қорқытып қою” нәтиже бермейді. Керісінше, дұрыс жоспар, тыныс алу, уақыт бөлу, демалыс тәртібі туралы нақты кеңес баланың өзін ұстап қалуына көмектеседі.
 
“Мұғалімнің қолдауы - баланың ішкі тірегі. Ол қолдау “бәрі жақсы болады” деген сөзбен ғана емес, нақты әрекетпен көрінеді: тыңдау, түсіну, шектеу қою, әділдік сақтау, қажет кезде маманға бағыттау,” - дейді Айнұр Смағұлова.

Қарашада ұстазға құрмет айту - тек мерекелік шара емес. Бұл ай - мұғалім еңбегінің шынайы салмағын түсінетін кезең. Себебі қазіргі мектепте мұғалімге жүктелетін міндет кеңейді: пән үйрету жеткіліксіз, оқушының ішкі әлеміне де әсер ететін әлеуметтік және психологиялық жауапкершілік артты.

Маманның айтуынша, әсіресе жасөспірім кезеңде мұғалімнің сөзі мен көзқарасы баланың өзін бағалауына тікелей ықпал етеді. Бір оқушыны қолдау - оның оқуын ғана емес, өмірге сенімін қалпына келтіруі мүмкін.

“Мен ұстаздардың еңбегін психолог ретінде ерекше бағалаймын. Себебі мектептегі күнделікті қарым-қатынас баланың тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Кейде бір мұғалім баланы өмір бойы алға жетелейтін сенім береді. Ал кейде керісінше, бір ауыр сөз жарақат болып қалуы мүмкін. Сондықтан ұстаздың мәдениеті, тілі, көзқарасы -стратегиялық маңызы бар құрал,” - дейді Айнұр Смағұлова.

Қараша -  ұстазға алғыс айтатын ай. Бірақ алғыс тек сөзде емес, мұғалімді қолдайтын жүйеде де көрінуі керек. Мектепте психологиялық қауіпсіздік мәдениеті қалыптасса, мұғалімнің жүктемесі де жеңілдейді, оқушының нәтижесі де тұрақты болады. Ең бастысы-бала өзін жалғыз сезінбейді.
Ал психологиялық қолдау бар жерде оқушы оқуында да, өмірінде де табысқа жетеді.