Неге кей мұғалім сыйақысыз қалады?

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы министрліктің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлімдеді

Алматы әкімдігі баспасөз қызметі

Мектеп қызметкерлеріне берілетін сыйақы тек жалпы білім беру ұйымының жылдық бюджетінде үнемделген қаражат есебінен төленеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлімдеді.

«Тек қана жалпы мектептің жылдық бюджетінің ішіндегі үнемделген қаржы есебінен төленеді», — деді ол.

Брифинг барысында журналист бес жылға жуық уақыт бойы сыйақы алмаған мектептерге тексеріс жүргізіле ме деген сұрақ қойды.

«Нақты осы мақсатта, әрине, тексеріс жүргізу шаралары қарастырылмаған. Бір ескеретін мәселе — біз осы білім беру жүйесінде арнайы тік, вертикалды басқару жүйесі орныққан ғой. Мысалы, білім басқармалары, аудандық білім бөлімдері, сонымен бірге мектептер бар. Сонда әр аудандың білім бөлімінің қаржысы бөлек-бөлек жасақталады. Сондықтан бұл жерде, мысалы, 8 мың мектеп болатын болса, 220 білім бөлімдері бұл жерде жылдық қаржылық есептерін қабылдап және солардың жаңа жылдағы қаржылық қорларын бекітіп отырады. Бұл, әрине, тікелей сол ауданның немесе сол қаланың қаржылық түсімдеріне байланысты болады. Сыйақы мәселесі қай ауданда қаржы табу көзі көп болса, мектептерге тең бөлініп берілетін болса, сол мектептерде сыйақы алу ықтималдығы жоғары болады», — деді Қаныбек Жұмашев.

Комитет төрағасының айтуынша, сыйақы беру мүмкіндігі өңірлердің қаржылық әлеуетіне тікелей тәуелді. Ал бұл мәселе тексеріспен емес, жергілікті деңгейде шешіледі.