Алматы облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңір колледждері шет мемлекеттердің жетекші білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу мен білікті кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге шығаруда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі таңда Алматы облысының колледждері Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің бірқатар оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасаған.
Атап айтқанда, Түркияның Анталия қаласындағы Мехмет Зеки Балджы жоғары мектебі (туризм және қонақ үй бизнесі), Францияның Париж қаласындағы Гийома Тирель лицейі және Элиза Лемонье лицейі облыс колледждерімен бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірген.
Сонымен қатар, Қытайдың Сиань қаласындағы кулинарлық колледжбен, Финляндиядағы ECEDU кәсіптік колледжі, Қырғыз Республикасындағы С. Ибраимов атындағы агротехникалық колледж, Қытайдың Чунцин қаласындағы оқу орындарымен және Кореяның OFECO.LTD компаниясымен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылған.
2024–2025 оқу жылында Алматы облысынан сегіз педагог шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтті. Оның ішінде бес педагог Түркияда, ал үш педагог Францияда кәсіби тәжірибе жинақтаған.
Колледж оқытушыларының айтуынша, халықаралық тәжірибе кәсіби дамуға тың серпін береді.
«Шетелде тағылымдамадан өту бізге заманауи оқыту әдістерін меңгеруге, өндіріс пен білімнің өзара байланысын терең түсінуге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе студенттермен жұмыс істеу сапасын арттыруға тікелей әсер етеді», – дейді Алматы облысы колледжінің басшысы Бақытгүл Кішібаева .
Ал білім саласына жауапты мекеме өкілдері бұл бағыттағы жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
«Халықаралық әріптестік – техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың маңызды тетігі. Біз колледждердің әлемдік стандарттарға сай дамуына және еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлауына басымдық беріп отырмыз», – дейді облыстық білім басқармасының өкілі Кенжегуль Дюсентаева.
Бұдан бөлек, Қытай – Орталық Азия елдері арасындағы бірлескен жобалар аясында ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар бойынша кадр даярлайтын жеті колледж директоры және өндірістік оқыту жөніндегі бір директордың орынбасары 2025 жылғы 14–24 сәуір аралығында Қытайдың Чунцин қаласында оқу курсынан өтті. Нәтижесінде 49 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар Алматы облысы колледждерінің халықаралық стандарттарға сай дамуына, педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау сапасын күшейтуге мүмкіндік береді.