Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Енді директорлар екі жылға тағайындалып, жұмыс нәтижесі оң болған жағдайда қызмет мерзімі тағы екі жылға ұзартылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа тәсіл білім сапасын, оқушылардың оқу жетістігін, қауіпсіздік пен мұғалімдердің біліктілігін нақты нәтижелер арқылы бағалауға мүмкіндік береді.
«Министр ретінде ұстанымым – директордың қызмет мерзімі екі жыл болуы керек. Егер осы кезеңде білім сапасы, балалардың нәтижесі, қауіпсіздік мәселесі және мұғалімдердің біліктілігі дұрыс жолға қойылса, директордың өкілеттігін бір мәрте тағы екі жылға ұзартуға болады. Қазір бұл мәселе министрліктің бұйрығы ретінде енгізілді», – деді министр 14 қаңтарда өткен Оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында.
Қазіргі таңда Қазақстанда мектеп директорлары төрт жылға тағайындалады. Алайда ротация сирек жүргізіледі. Бұған дейін министрлік кейбір мектептерде директорлар 10 жылдан астам уақыт бір қызметте отырғанын мойындаған.