Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылы студенттердің шәкіртақысын арттыру мүмкіндігін зерделеп жатыр. Алайда қазіргі таңда шәкіртақыны жоспарлы түрде көбейту көзделмеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрлікке қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрайымы Гүлжан Жарасованың айтуынша, 2025 жылы шәкіртақы мөлшері өскен, 2020 жылмен салыстырғанда шәкіртақы мөлшері екі есе артқан.
Сонымен бірге ол алдағы жылдары шәкіртақыны ұлғайту мәселесі республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне тікелей байланысты болатынын атап өтті.
«Бұл мәселе әрдайым назарымызда. Дегенмен шәкіртақыны арттыру туралы шешім республикалық бюджеттің оған қаншалықты мүмкіндік беретініне байланысты», – деді Гүлжан Джарасова Informburo.kz тілшісінің сауалына жауап бере отырып, жоғары білім сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған форум кулуарында.
Министрлік өкілдері студенттерді әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.