Елімізде жеке мектептерге қатысты талаптар күшейтіледі

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Елімізде жеке мектептерді ашу тәртібі қайта қаралады. Бұл жөнінде Алматы қаласында өткен жеке мектептердің құрылтайшылары мен басшылары қатысқан кездесуде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің сөзінше, алдағы уақытта жеке білім беру ұйымдары тек нақты қажеттілік туындаған өңірлерде ғана ашылатын болады. Лицензия беру үшауысымды мектептерді қысқарту және апатты жағдайдағы білім беру нысандарын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жеткіліксіз аймақтармен шектелмек.

Сонымен бірге жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігі заң аясында күшейтіледі. Олар оқу сапасын қамтамасыз етуге, педагог кадрлардың біліктілігіне және оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауап береді.

Бұдан бөлек, мектеп директорларын тағайындау тетігін өзгерту көзделіп отыр. Енді бұл шешімдер тек құрылтайшылардың құзырында болмайды. Директорды бекіту кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың ұстанымы ескеріледі.

Қазіргі таңда Қазақстанда лицензиясы бар 890 жеке мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 785 білім беру ұйымының құжаттары цифрлық форматқа көшірілген. Үкімет сондай-ақ жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға уақытша шектеу енгізуді жоспарлап отыр.