Жеке мектеп құрылтайшысының 76 жылжымайтын мүлкі бар – Мәди Такиев

Qaz365.kz редакциясы

2023-2024 жылдары 116 адам ел аумағында 895 жылжымайтын мүлік сатып алған

akorda.kz

Қаржы министрлігінің жекеменшік мектептерді қаржыландыруға жүргізген аудиті жекеменшік мектептерде бюджет қаражатын жымқыру және АӨК-те қаржыны мақсатсыз пайдалануды анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан, ал оқушылар саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бюджет шығыстарының көлемі 2020 жылғы деңгейден (13,3 млрд теңге) 20 есе асып, 248 млрд теңгені құрады.

Жүйелі түрде кездесетін заңбұзушылықтардың ішінде:

  • мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру және тіркелу арқылы оқушылар санын көбейту;
  • ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (нормативтік сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
  • бюджеттік қаржыландыру алу және сол арқылы салық төлемдерін азайту үшін салық есептілігінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда алу;
  • күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және сметалық құжаттамасы болмаған жағдайда) анықталды.

Мәди Такиевтің айтуынша, бұл білім беру мекемелерінің әкімшілігі мемлекеттік қаржыландыруды өз қажеттілігіне пайдаланған, ал жауапты шенеуніктер мұның бәріне көз жұма қараған.

– Біз барлық басшылар мен құрылтайшыларды Мемлекеттік кірістер комитетінің базасы арқылы тексердік. 2023-24 жылдары 116 адам ел аумағында 895 жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұлар – жеке мектептердің басшылары мен құрылтайшылары. Оның 66-сы 192 көлік құралын сатып алса, бір құрылтайшы 76 жылжымайтын мүліктің, тағы біреуі 69 мүліктің иесі болған, - деп мәлімдеді министр.

Қаржы министрі қазір қаржыландырудың цифрлық платформаға аударылғанын және мұндай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбайтынын айтты. Заңсыз схемалар арқылы ақша тауып үлгергендердің ісімен құқық қорғау органдарымен айналысады.