Білім саласындағы былық: жекеменшік мектептер монша мен қоймаларда ашылған

Qaz365.kz редакциясы
pixabay

Қазақстанда жекеменшік мектептердің қызметіне постлицензиялық бақылау енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, бүгінде ел бойынша 880-нен астам жекеменшік мектеп бар. Оның ішінде 785-тен астамы цифрландырылып, мемлекеттік білім беру тапсырысын ала бастаған. Алайда тексерулер барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталған, соның ішінде кадр тапшылығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Көптеген мектептерде педагогикалық құрам толық жасақталмаған.

Постлицензиялық бақылауды Бас прокуратура мен жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады. Тексеру барысында оқу процесінің сапасына, мұғалімдердің біліктілігіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

Сондай-ақ министр ғимарат мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, кейбір жекеменшік мектептер монша мен қоймаларда ашылып, ондаған жыл бойы жұмыс істеп келген. Тіпті соңғы бес жылда мұндай нысандар мемлекеттік тапсырыс алып отырған жағдайлар анықталған.

«Мұндай заңбұзушылықтарға жол берілмейді. Біз бұл олқылықтардың барлығын жоямыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.