Айлық неге әртүрлі? Министр мұғалімдерге төленетін үстемақылардың қалай есептелетінін түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы

Министр үстемақылардың кімдерге берілетінін айтты

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жалақысы мен үстемақыларына қатысты жиі қойылатын сұраққа жауап берді. Министрдің айтуынша, заң аясында мұғалімдердің жүктемесі мен еңбекақысына әсер ететін бірнеше ерекшеліктер бар, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Министрдің сөзінше, педагогтерге аптасына 16 сағаттан бастап, 24 сағатқа дейін сабақ беру мүмкіндігі қарастырылған. Ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге қосымша төлем бар. Магистр дәрежесі үшін үстемақы қарастырылған. Экологиялық аймақтарда еңбек ететін педагогтерге экологиялық үстемақы төленеді. Министр осыларды атап өтіп, қанша берілетінін осы ерекшеліктердің әрқайсысын қарап нақтылау керек екенін айтты. 

«Заңның аясында бізде 16 сағат, 24 сағатқа дейін мүмкіндік берілген. Педагог ретінде бастайды. Педагог шебер деген ең жоғарғы санаты бар. Сондай-ақ бізде ауылдық жерлерге берілетін үстемақылар бар. Магистр дәрежесіне берілетін үстемақылар бар. Экологияға қосылатын үстемақы, дәптер тексергені үшін, жаңартылған білім мазмұнында ағылшын тілінде білім бергені үшін берілетін үстемақылар бар. Оны тек мынау тек жоғары, мынау төмен алады деп көрсете алмаймыз. Әлеуметтік педагог мамандар бар. Біз бұл сұраққа жазбаша жауап бере аламыз», — деді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын алдымен екі жылға тағайындап, нәтиже көрсеткен соң ғана қызметін ұзартуды ұсынған еді. Бұл ұсынысқа Аймағамбетовтің көзқарасы қайшы болды. Ол бұған дейін шешімнің жан-жақты қарастырылғанын, барынша балаға білім беріп, тиімді жұмыс істеу үшін қабылданғанын айтқан болатын.