Шымкентте аптасына 70 сағатпен жұмыс істеген мұғалімдер анықталды

Qaz365.kz редакциясы

Білім саласындағы заңсыздықтар анықталып, басқа мамандарға жол ашылды

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек брифинг барысында қаладағы білім беру ұйымдарында педагогтардың еңбек жүктемесі заңда белгіленген талаптан асып кеткенін мәлімдеді. Тексеру нәтижесінде бір мұғалім бірнеше штаттың жұмысын атқарып жүрген жағдайлар анықталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Педагогтардың 24 сағаттан артық жүктеме алатынын анықтадық. Ол 30–32 сағаттың көлемінде, 2 мөлшерлеменің маңайында болатын болса, ешнәрсе емес қой. Бізде 40–50, тіпті 70 сағатқа дейін жүктеме алып отырған педагогтар бар екен. Ал енді 60 сағаттық жүктемені бөлсеңіз, 16 сағаттан есептегенде 4 штаттық болып отыр. Бір адамның орнына 4 адам жұмыс істеп отыр. Біз бұны қыркүйек айында анықтадық, қатты таңғалдық», — деді Сәрсен Құранбек.

Әкімнің орынбасарының айтуынша, бұл жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігіне, прокуратураға және еңбек инспекциясына жүгінген. Мамандармен бірлесіп талқылау нәтижесінде мұғалімнің жүктемесі 1,5 мөлшерлемеден аспауы керек деген қорытындыға келген.

«Жан-жақты сол кісілермен ақылдаса отырып, біз шынымен-ақ мұғалімнің жүктемесінің 1,5 мөлшерлемеден аспауы керек екенін анықтадық», — деді Сәрсен Құранбек.

Нәтижесінде қаладағы 83 мектепте 1686 педагогтың жұмысы нормадан артық болғаны белгілі болған. Сонымен қатар екі мыңға жуық жасырын әрі ресми жарияланбаған бос жұмыс орны анықталған.

«Мәселен, бір мекемеде бір адам оқу жөніндегі орынбасар болған, сонымен қатар тәрбие жөніндегі орынбасардың 1 штаттық айлығын алып отырған. Сонда жұмыс уақыты 9-дан 6-ға дейін деп алсаңыз, бір уақытта ол қызметкер бұл міндеттердің барлығын қалай атқарып келген деген сұрақ туындайды», — деді Сәрсен Құранбек.

Қала бойынша жалпы 2300 бос орын бар:

  • 1165 орын — жалпы білім беретін мектептерде сабақ беретін мұғалімдер;
  • 170 орын — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында;
  • 150 орын — арнайы және қосымша білім беру мекемелерінде;
  • 35 орын — басқармаға қарасты орталықтарда;
  • 543 орын — педагогикалық лауазымға жатпайтын қызметкерлерге тиесілі.

«Педагог лауазымдарынан тыс қызметкерлерде 543 орын бос. Ең болмаса аула сыпыратын, еден жуатын адамдар бізде жеткілікті ғой, басқа жоқ болса да. Бұны қалай жасырып келуге болады деп ойлаймын», — деді Сәрсен Құранбек.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, брифингтен кейін барлық мектептерде анықталған бос орындардың барлығына конкурс жарияланады. Алдағы күндері бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді.

«Бүгін осы брифингтен кейін барлық мектептерде осы бос орындардың барлығына бірдей конкурс жариялайтын болады. Ертең және арғы күні бос орындардың жәрмеңкесі өтетін болады», — деді Сәрсен Құранбек.

Еске сала кетсек, бұған дейін Оқу-ағарту министрі мұғалімдерге төленетін үстемақылардың қалай есептелетінін түсіндірген еді.