Роза Садықова жекеменшік білім беру ордаларының негізі 35 жыл бұрын қаланғанын еске салды
Соңғы уақытта жекеменшік мектептерге қатысты талаптың күшеюі қоғамда қызу пікірталас туғызды. Мемлекет бұрын өзі қолдап, дамытуға ықпал еткен жекеменшік білім беру ұйымдарын бүгінде жаппай тексеруге көшті.
Qaz365.kz редакциясы «Жекеменшік білім ұйымдары» республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Шәріпқызы Садықоваға хабарласып, оның осы мәселе жайлы пікірін сұрады.
Роза Шәріпқызы Садықова соңғы күндері жекеменшік білім беру секторының негізсіз жалпылама сынға ұшырап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл көзқарас саладағы нақты ахуалды бұрмалап көрсетеді.
«Жекеменшік мектептердің 85–90%-дан астамы адал әрі жауапкершілікпен жұмыс істейді. Сапалы білім беріп, қосымша үйірмелер мен секцияларды ұйымдастырып, тамақтандырып, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып келеді», – дейді Роза Садықова.
Оның айтуынша, жекеменшік мектептердің барлығы мемлекеттік рұқсат пен аккредитациядан өткен, сондықтан бүкіл секторға күмәнмен қарау қисынсыз.
«Таяқтың екі ұшы бар. Ақшаның тиімді жұмсалуына күмән туса, қазір жұмыс істеп жатқан жекеменшік мектептер ашылуына, қызмет көрсетуіне мемлекеттің өзінен рұқсат алып, аккредитациядан өтті ғой. Әрине, салада заңсыз әрекеттерге баратын жеке кәсіпкерлер бар шығар. Бірақ бүкіл жекеменшік білім беру секторын қараламай, нақты бұзушылықтарды анықтап, мақсатты тексеру жүргізу қажет. Егер заңсыздықтар жылдар бойы жалғасып келе жатса, демек тек бизнесті ғана емес, бақылау механизмдерінің тиімділігін де адал талдау керек. Білім саласындағы бақылау – мемлекет пен бизнеске ортақ жауапкершілік. Маңыздысы – заң бұзғандарды нақты анықтап, балалар мен ел мүддесі үшін адал еңбек етіп жүрген ұйымдарды қолдау», – дейді ол.
Роза Шәріпқызы Садықованың сөзінше, қоғамда жекеменшік мектептер соңғы жылдары ғана пайда болғандай қате түсінік қалыптасқан. Ал шын мәнінде, бұл сектор ел ең қиын кезеңдерді бастан өткерген тұста қалыптасқан.
«35 жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік білім беру секторы дүниеге келді, дамып, өркендеді. Бұл – нағыз ұстаздардың еңбегі мен адалдығының арқасы, барлығына қарсы тұрып, жүздеген мың ата-ананың сеніміне ие болды. Ал қазір бәрін бірдей «мінсіз емес» деп атүсті топшылай салу тіпті де кәсібилік емес. Шын мәнінде отандық алғашқы жеке мектептердің тарихы мұғалімдер ала дорба арқалап кеткен, сонау қиын-қыстау кезеңде қаражатын қалтасына басып, шетке кетпей, осы туған жерге туын тігіп, педагогтерге жұмыс, балаларға білім берген уақыттан басталады. Мұны естен шығармау керек», – дейді қауымдастық төрайымы.
Ол жекеменшік білім беру саласын бірыңғай өлшей салуға болмайтынын атап өтті.
«Жеке білім беру секторы – біртұтас модель емес, әртүрлі модельдерден, жағдайлар мен нәтижелерден тұратын көпқырлы сала. Әрбір ұйымның артында нақты нәтижелер, жауапкершілік және білім беру саласының дамуына қосқан үлесі тұр», – дейді Роза Шәріпқызы.
Сондай-ақ ол жекеменшік мектептерді табысты бизнес деп атау қате екенін алға тартады.
«Шын мәнінде мектеп ашу соншалықты табысты кәсіп емес. Сол себепті субсидия деген – байлық, астамшылдық, сән-салтанат емес, жай ғана қажеттілік. Жеке мектеп иелерін кәсіпкер деуге келмейді. Игі іске, әлеуметтік маңызы бар жобаға жатқызған жөн», – дейді ол.
Қауымдастық төрайымы Қызылорда облысындағы ахуалға да тоқталды.
«Қызылорда облысында 37 жеке орта білім беру ұйымының тек екеуі ғана мемлекеттік тапсырыс алған. Қалған 35 мектеп қаржыландырудан тыс қалған. Ал бұл өңірде туу көрсеткіші жоғары, оқушы орнының тапшылығы өзекті. Егер бұл мектептер жабылса, жағдай одан сайын күрделене түседі», – дейді Роза Шәріпқызы.
Оның айтуынша, жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептердің шамадан тыс жүктемесін азайтып отыр, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, салық төлеп, балалар үшін қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастырып келеді.
«Жекеменшік мектепті біржақты сынға алу әділетсіздік деп ойлаймын. Мұндай оқу орындарында тек білім ғана емес, тәрбие мен болашаққа бағыт-бағдар қатар беріледі. Мұндай еңбекті жоққа шығаруға болмайды», – дейді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерге жүргізілетін тексерулер жайлы айтқан болатын. Биыл наурыз айынан бастап жекеменшік мектептерге қатысты лицензиядан кейінгі бақылау енгізіледі. Тексеру жұмыстарын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізеді. Бақылау барысында балалардың қауіпсіздігіне, білім беру қызметінің сапасына және педагогтердің біліктілік талаптарына сәйкестігіне баса назар аударылады.