Қазақстанда жүлдегерлер мен мұғалімдерге сыйақы төленетін халықаралық олимпиадалардың тізімі ұлғайтылды

Qaz365.kz редакциясы

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ педагогтер мемлекеттік бюджет қаражатынан біржолғы сыйақы алатын болады.

Оқу ағарту министрлігі

Қазақстанда жүлдегерлер мен мұғалімдерге сыйақы төленетін халықаралық олимпиадалардың тізімі ұлғайтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Білім министрінің міндетін атқарушы Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар тізбесіне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.

Жаңартылған тізімге сәйкес, осы жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ оқушыларды дайындаған педагогтар мемлекеттік бюджет қаражатынан біржолғы сыйақы алатын болады.

Тізімнің жаңартылған редакциясында енді төмендегі халықаралық олимпиадалар көрсетілген:

  • жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар;
  • математикадан халықаралық олимпиада (International Mathematical Olympiad ((Интернейшэнал Математикал Олимпиад);
  • физикадан халықаралық олимпиада (International Physic Olympiad) (Интернейшэнал Физик Олимпиад);
  • химиядан халықаралық олимпиада (International Chemistry Olympiad (Интернейшэнал Кэмистри Олимпиад);
  • биологиядан халықаралық олимпиада (International Biology Olympiad) (Интернейшэнал Байолоджи Олимпиад);
  • географиядан халықаралық олимпиада (International Geography Olympiad (Интернейшэнал Джиографи Олимпиад);
  • информатикадан халықаралық олимпиада (International olympiad in Informatic (Интернейшэнал Олимпиад Ин Информатик);
  • лингвистикадан халықаралық олимпиада (International Linguistic Olympiad (Интернейшэнал Лингуистик Олимпиад).

Сондай-ақ оған халықаралық ғылыми жобалар байқауы, Regeneron International Science and Engineering Fair (Редженерон Интернешнл энд Сайенс Фэйр) халықаралық байқауы қосылды.

Бұйрық 2026 жылдың 4 ақпанынан бастап күшіне енді.