Бұдан былай мұғалімдер сабақтан тыс уақытта бала үшін жауап бермейді

Qaz365.kz редакциясы
freepik

Мәжіліс «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Жаңа түзетулер мұғалімдердің жауапкершілігін тек оқу процесімен шектеп, сабақтан тыс уақыттағы бала қауіпсіздігін толықтай ата-аналарға жүктеуді көздейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл норма педагогтерді негізсіз жазалаудан қорғау үшін қажет.

Жауапкершілік қалай бөлінеді?

Заң жобасында мұғалім мен ата-ананың міндеттері нақты айқындалған:

  • Педагог баланы мектептегі оқу процесі кезінде ғана қадағалайды. Оқу орнынан тыс жерде немесе сабақтан соң болған оқиғалар үшін мұғалімге тәртіптік немесе әкімшілік жаза қолдануға тыйым салынады.

  • Ата-ана сабақтан тыс уақытта, каникул кезеңінде және кешкі уақытта баланың мінез-құлқы мен қауіпсіздігіне тікелей жауапты болады.

«Тәжірибеде мұғалімдердің бақылауынан тыс жерде, мектептен тыс уақытта болған қайғылы жағдайлар үшін педагогтер мен мектеп директорларының жұмыстан шығарылған немесе жазаланған жағдайлары аз емес. Бұл әділдік принципіне қайшы», — делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Ата-аналарға қойылатын жаңа талаптар

«Білім туралы» заңның 49-бабына (Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері) өзгерістер енгізіледі. Енді ата-аналар:

  1. Педагогтің құқықтарын құрметтеуге;

  2. Мектеппен жасалған шарт талаптарын орындауға;

  3. Сабақтан тыс уақытта баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапты болуға міндетті.

Қосымша жеңілдіктер: Қағазбастылық пен әлеуметтік желіден қорғау

Заң жобасында мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін тағы бірнеше маңызды норма бар:

  • Қос есептілікке тыйым: Есептерді бір мезетте әрі қағаз, әрі электронды форматта жүргізуге жол берілмейді.

  • Әлеуметтік желілер: Мұғалімдерді өз жұмысының нәтижесін жеке әлеуметтік желі парақшаларында жариялауға мәжбүрлеуге тыйым салынады.

  • Бөгде жұмыс: Педагогтерді өздерінің кәсіби қызметіне жатпайтын іс-шараларға (халық санағы, сенбіліктер, т.б.) тартуға жол берілмейді.