Алматыда колледж студенттері арасында «BilimHack Almaty-2026» қалалық хакатоны аяқталды

Qaz365.kz редакциясы

Алматы қаласында 25–26 ақпан күндері 72 команда мен қала колледждерінің 200-ден астам студентін біріктірген «BilimHack Almaty-2026» қалалық студенттік хакатоны өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастырып, жастардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, қолданбалы инновацияларды қолдауға және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында заманауи кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Хакатон өткізу бастамасы өткен жылы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынып, қолданбалы мамандықтардың беделін арттыруға, жастар арасында инженерлік және технологиялық ойлауды дамытуға, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын цифрлық экономикаға кіріктіруге бағытталды. Жобаны практикалық іске асыру Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылды. 

Хакатонның негізгі мақсаты — колледж студенттері нақты міндеттерді шешу барысында кәсіби білімдерін қолдана алатын, пәнаралық командалар құрамында жұмыс істеп, заманауи экономикада сұранысқа ие технологиялық шешімдер әзірлейтін практикалық алаң қалыптастыру. Хакатон форматы білім беру, бизнес және IT-қоғамдастықты біріктіріп, теориялық оқытудан жобалық және кәсіпкерлік қызметке көшуге мүмкіндік береді. 

Екі күн бойы қатысушылар білім беру ортасын жетілдіруге, кәсіптік бағдар беру сервистерін дамытуға, инклюзивті платформалар құруға және оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған цифрлық жобаларын таныстырды. Жұмыс қарқынды командалық әзірлеу форматында өтіп, студенттерге алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және IT-индустрияның нақты жағдайларына жақын жобалық жұмыс тәжірибесін игеруге мүмкіндік берді. 

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша сарапшылар алқасы технологиялық тұрғыдан жан-жақты әзірленген әрі әрі қарай енгізуге өзекті деп танылған 40 команданы анықтады. Финалдық жобаларды қорғау 26 ақпанда өтті. Қатысушылар өз әзірлемелерін IT-индустрия мен технологиялық бизнес өкілдерінен құралған сарапшыларға ұсынды. Жобалар инновация деңгейі, техникалық іске асырылуы, практикалық қолданылуы және ауқымдау әлеуеті критерийлері бойынша бағаланды. 

Қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрады: бірінші орын (500 мың теңге) АУЭС колледжінің командасына бұйырды, екінші орын (300 мың теңге) Алматы сервис және технологиялар колледжіне берілді, үшінші орын (200 мың теңге) Инновациялық техникалық колледж командасына табысталды. 

Қосымша «Диджитал» командасы алты айлық білім беру курстарынан өтуге сертификат алды. Ал Еуразиялық техникалық-экономикалық колледж командасына IT Support компаниясы тарапынан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған тағылымдамадан өту сертификаты табысталды. 

Сонымен қатар қатысушылар IT-компания өкілдерімен кәсіби байланыс орнатып, жобаларды одан әрі дамыту, тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыруға мүмкіндік алды. Бұл студенттердің тұрақты кәсіби даму траекториясын қалыптастыруға ықпал етеді. 

Алдағы уақытта «BilimHack Almaty» хакатонын өткізу тұрақты қалалық тәжірибеге айналып, жыл сайын колледждердің, технологиялық серіктестер мен индустриялық сарапшылардың қатысу аясын кеңейту жоспарлануда. Осындай бастамаларды жүзеге асыру Алматыда инновациялық білім беру ортасын дамытуға, сұранысқа ие мамандар даярлауға және цифрлық экономиканың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.