Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі бұйрыққа қол қойды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысты маңызды жаңалықты жариялады. Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығына барлық 20 өңірдің әкімдігі келісіп, тіркеп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр қаражат бірінші жергілікту атқарушы органға түсетіндіктен әкімдік бұл ақшаны қаржы орталығына аударады. Ал қаржы орталығы жеке меншік мектептердің мемлекеттік тапсырысты алуында операторлық қызметті атқарады.
«Құрметті жеке меншік мектептердің құрылтайшылары, ұстаздар, ата-аналар, сонымен бірге жеке меншік мектептердің өкілдері! Сіздерге бір сүйінші жаңалықты айтқым келіп отыр. Күні кеше Оқу-ағарту министрлігі жеке меншік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастырудың бірлескен бұйрығына қол қойды. Бұл бұйрыққа барлық 20 өңірдің әкімдіктері келісті. Бұл бұйрық — ҚР Қаржы министрінің және ҚР Оқу-ағарту министрінің бірлескен бұйрығы. Енді бүгіннен бастап аталған бұйрықты барлық 20 әкімдік өздеріне тіркеп жатыр. Бұл қаржы жергілікті атқарушы органның қаржысы. Сол үшін әкімдіктер өз қаржысын қаржы орталығына аударатын болады. Қаржы орталығы жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды оператор ретінде жүзеге асырады», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ол Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырушылық қызметін толық атқарып, түйіткілді мәселелер шешілгенін айтты. Сондай-ақ ол жеке меншік мектептермен коммуникацияны министрлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асыратынын мәлімдеді.
«Енді бір нәрсені атап өткім келеді, маған бірнеше жеке меншік мектептердің ассоциациялар хабарласып жатыр. Мен күні бүгін осындай ассоциациямен кездестім де. Жалпы алдағы уақытта біз жеке меншік мектептермен коммуникацияны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізінде жүзеге асыратын боламыз», — деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова қандай жеке меншік мектептердің жұмысын тоқтататынын айтқан еді.