«Мен өз позициямда қаламын»: Аида Балаеваның ұсынысына Оқу-ағарту министрі не дейді

Qaz365.kz редакциясы

Мектеп директоры ешкімнің өмір бақи отыратын орны болмауы қажет

 

Фото пресс-службы МП РК

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 24kz арнасының «Түйін» бағларламасына берген сұхбатында мектеп директорларының ротациясына қатысты министрлік позициясын жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министр алдымен өткен аптада өткізілген біз Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның директорлардың ротациясына қатысты ұсынысы туралы айтып өтті.

«Ол кісі қала мектептерінің директорлары үшін 3+3, ауыл мектептерінің директорлары үшін 5+5 форматы деген ұсынысын айтты. Бірақ нүктені қоятын Оқу-ағарту министрлігі. Сондықтан да ол кісі бұл ұсынысты талқылаңыздар, жан-жақтан көптеген сын пікірлер айтылып жатыр, барлығын зерделеп, оқу процесі ақсамайтындай шешім қабылдау керек деген ұсынысын айтты. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Өйткені бүгінгі таңда, өзіңіз байқап жүргендей, ашықтық принципіне келе жатырмыз. Өзіміздің ойымызды ашық айту, сонымен қатар жалпы біздің аудиторияның пікірін тыңдай отырып, шешім қабылдау форматына түгел көштік деп айтқым келеді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осы орайда министр мектеп директорларын ротациялау мәселесіне кеңірек тоқталды. 

«Заман өзгерді, басқару принциптері, жүйелері өзгерді. Біз қазір басқару менеджментіне жаңашылдықтарды енгізіп жатырмыз. Өйткені мектеп директорына сауатты, білікті, шығармашыл ұстаздарымыз көп. Біз талантты ұстаздар арасынан ең мықты менеджер шығатындай жүйе қалыптастыруымыз керек. Мектеп директоры ешкімнің өмір-бақи отыратын орны болмауы қажет. Мен өз позициямда қаламын. Менің ойымша, қала мектептері үшін 2+2, ауыл мектептері үшін 3+3 форматын ұсынатын боламыз. Бірақ бұл шешімді біз қоғамдық кеңесте, білім басқармаларында, білім сапасын қадағалау департаменттерінде талқылаймыз және жан-жақтағы ұстаздарымыздың, ата-аналардың пікірлерін ескеретін боламыз», – деп мәлімдеді министр.