«NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Егенбергенова әлемдік білім беру рейтингінде көш бастап тұрған ең беделді оқу орны - Массачусетс технологиялық институтына (MIT, АҚШ) оқуға қабылданды. Бұл - қазақстандық жас зияткерлердің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін айтулы оқиға, деп хабарлайды Qaz365.kz.
MIT университетіне түсу - әлемдік деңгейдегі ең қиын сынақтардың бірі болып саналады. Мәселен, биылғы оқу жылында 29 мыңнан астам үміткердің ішінен тек 4-5%-ы ғана шақырту алған. Ал шетелдік студенттер үшін іріктеу бұдан да қатаң болып, қабылдану деңгейі небәрі 2%-ды құрады.
Нұргүлдің ерекше академиялық жетістіктері мен интеллектуалдық әлеуетін тек MIT ғана емес, сонымен қатар әлемнің топ-100 тізіміне кіретін тағы 5 жетекші университеті мойындап, шақырту жіберген. Олардың қатарында:
University of British Columbia (UBC, Канада) - №38;
Hong Kong University of Science and Technology (HKUST, Гонконг) - №44;
École Polytechnique (Франция) - №46;
Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST, Оңтүстік Корея) - №53;
University of Warwick (Ұлыбритания) - №74.
Айта кетейік, Нұргүл Егенбергенова бұған дейін де білім мен ғылым саласындағы ерен еңбегі үшін мемлекет деңгейінде жоғары бағаланған болатын. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болып, Мемлекет басшысының қолынан арнайы сыйақы сертификатын иеленген.
Бүгінде отандық білім беру жүйесінің түлектері әлемдік алпауыт оқу орындарының назарына ілігіп, халықаралық деңгейдегі ғылыми ортаға нық қадам басуда. «NURORDA» мектеп-лицейінің оқушысы алған бұл шақыртулар топтамасы - соның айқын дәлелі.