Енді бірінші сыныпқа баратын оқушылар 27 мамырдан бастап құжат тапсырады
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімінің өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр 1 сәуірде мектептегі қызметкерлер сабақ кезінде қарбаластап жататындықтан құжат қабылдауды тиімді ұйымдастыру мүмкін болмағанын атап өтті.
«Биылдан бастап құжат тапсыру мерзімін сапалы, тиімді ұйымдастыру мақсатында бірінші сыныпқа құжат тапсыру мерзімін қайта қарастырғандығын сіздерге хабарлағым келеді. Бұған дейін бірінші сыныпқа құжат тапсыру 1 сәуірден басталатын. Дәл осы кезеңде мектептерде сабақ өтіп жатады. Мектеп басшылығы да, мектептегі мұғалімдер де IT саласының мамандары да, өздері оқу деп қарбалас болып жатқан кезде кейде бірінші сыныпқа құжат қабылдауды тиімді ұйымдастыру мүмкін болмай қалған кезеңдерді жақсы білеміз. Сондықтан осындай келеңсіз жайттарға жол бермес үшін биыл біз бірінші сыныпқа құжат қабылдауды қайта қарастырдық. Яғни мерзімін өзгерттік. Енді бірінші сыныпқа құжат қабылдау 27 мамыр, сәрсенбіден басталады және 31 тамызға дейін жүргізілетін болады», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр бұл мерзім барша ата-аналар үшін қолайлы болады деп санайтындарын жеткізді.
«Барша ата-аналар үшін бұл өте қолайлы деп санаймыз. Қазірдің өзінде база бірнеше мәрте тесттен өтіп жатыр. Ол жерде біз кәдімгідей жұмыс кестесін, ата-аналарымыз үшін қолайлы болатын барлық жағдайды жасадық. Оны тағы да қосымша таныстыратын боламыз. Биыл мектептің табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерге және барлық ата-аналарға сәттілік тілеймін», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова қандай жеке меншік мектептердің жұмысын тоқтататынын айтқан еді.