18 айлыққа дейін сыйақы: үздік оқушыларды дайындаған мұғалімдерге қомақты төлем беріледі

Qaz365.kz редакциясы

Сонымен қатар педагогтер де қомақты қолдауға ие болады.

Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан халықаралық ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орын алған оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге бір реттік төлемдер жүйесі енгізілуде. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, бұл бастама президент Қасым-Жомарт Токаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.

«Биыл мемлекет басшысы халықаралық ғылыми жобалар байқауларында І, ІІ және ІІІ орын алған оқушыларға, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге бір реттік сыйақы тағайындауды тапсырған болатын», – деді министр.

Өткен аптада осы тапсырманы іске асыру мақсатында тиісті бұйрық бекітілген.

Енді жүлделі орын алған оқушылар 2 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін бір реттік сыйақы алады.

«Биылдан бастап халықаралық ғылыми жобалар байқауларында І, ІІ, ІІІ орын алған оқушыларымыз 2 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін бір реттік сыйақымен марапатталады», – деп нақтылады Сүлейменова.

Сонымен қатар педагогтер де қомақты қолдауға ие болады.

«Жеңімпаздарды дайындаған білікті ұстаздарға да өздерінің базалық айлығына байланысты 18,5 есе және 8,5 есе көлемінде бір реттік сыйақы беріледі», – деп қосты министр.

Министрлік бұл бастама дарынды оқушыларды қолдауға және педагог мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Бұл – білім мен еңбекті әділ бағалаудың жарқын көрінісі. Сонымен қатар дарынды оқушылар мен оларды дайындайтын педагогтерді мемлекеттік қолдаудың маңызды қадамы», – деді ол.