Оқу-ағарту министрі неліктен оқушылар "Алтын белгіні" НЗМ-де қорғамайтынын түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы

Нартай Аралбайұлының айтуынша, “Алтын белгіні” қорғау мектептің өзінде өтетін болғандықтан, үміткерлердің саны артып кеткен

inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан “Алтын белгі” сынағы қаншалықты түлектің білімін әділ бағалауға мүмкіндік беретінін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, “Алтын белгіні” қорғау мектептің өзінде өтетін болғандықтан, үміткерлердің саны артып кеткен.

“Алтын белгі” мектептердің өзінде қорғалады деген кезде, “Алтын белгі” алған оқушылардың саны күрт көбейіп кетіп еді. Білімді оқушылар көбейіпті деп таңдай қағып, таңғалып едік. “Алтын белгіні” қорғаудың бір бөлігі НЗМ-де өтеді дегенде, дереу “Алтын белгі” үміткерлерінің саны төмендеп кетті. Қателеспесем, қазір қайтадан НЗМ-де өткізу алынып тасталды. БАҚ-та қайтадан “Алтын белгі” үміткерлерінің көбейіп жатқаны жайлы ақпарат шығып жатыр. Осы “Алтын белгіні” мектептің өзінде қорғату қаншалықты білім деңгейін шынайы көрсетеді?” – деп сұрады депутат.

Оқу-ағарту министрі мектептердің “Алтын белгіні” қорғау сынағын адал өткізетініне сенім білдіретінін айтты.

“НЗМ-де тапсыру дұрыс шешім болды. Өйткені, әділетсіздіктерге тосқауыл қойып, адалдық, транспаренттік, ашықтықты қамтамасыз етуіміз керек болды. Енді мектептерге адал өткізеді деп сенім білдіреміз дедік қой. Сол сенім ақталып, мұғалімдер де, оқушылар да, ата-аналар да адалдыққа берік екенін көрсетіп жатса, қайтадан басқа формада өткізудің қажеті жоқ деп санаймын. Бұл жерде бар жауапкершілікті министрлікке іліп қоймай, бәріміз алуымыз керек”, – деп жауап берді министр.