Жас мамандар біліктілік тестін тапсырады: педагогика саласында тағы қандай өзгерістер бар?

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында педагогтердің біліктілік тестіне қатысты талаптардың өзгергенін мәлімдеді. Енді емтиханды тек университет түлектері тапсырады, ал авторлық бағдарламалар толықтай алынып тасталады, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Министр педагог біліктілігінің тестін бұрыннан қызметте жүрген мұғалімдердің тапсырмайтынын айтты. 

«Бұл уақытша тоқтату емес. Енді педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген мұғалімдер біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл сынақты біз алып тастадық», — деді министр.

Оның айтуынша, тестті тек мамандыққа жаңадан келетіндер тапсырады.

«Педагогикалық қоғамдастыққа алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келеді. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет», — деді Сүлейменова.

Сондай-ақ жас ұстаздар екі жылдан кейін аттестация кезінде қайта тест тапсырады.

«Жас ұстаздар екі жылдан кейін педагог-модератор деңгейіне өткен кезде тест тапсырады. Ал қалған санаттағы мұғалімдер біліктілік тестін тапсырмайды», — деді ол.

Министрдің сөзінше, тест жалпы аттестацияға әсер етпейді.

«Педагог біліктілік тестінің жалпы аттестацияға ешқандай қатысы болмайды», — деді Сүлейменова.

Сонымен қатар, мұғалімдердің портфолио жүйесі толық цифрлық форматқа көшеді.

«Портфолио енді электронды негізде болады. Ұстаздар қағаз жинап, қол қойдырмайды. “Ұстаз” платформасы арқылы бәрі жүргізіледі», — деді министр.

Ал авторлық бағдарламалар енді талап етілмейді.

«Авторлық бағдарламалар да тоқтатылады. Енді оны ұсынудың қажеті жоқ», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Еске сала кетсек, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздардың білімін бағалау емтиханының тоқтатылғанын мәлімдеген еді.