Мектептерде бітіру кештеріне ақша жинауға қатаң тыйым салынды

Qaz365.kz редакциясы
Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге қатысты талаптарды қатаңдатты. Жаңадан қабылданған бірлескен бұйрыққа сәйкес, мектеп бітірушілерден, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақшалай қаражат пен өзге де материалдық құндылықтарды жинауға үзілді-кесілді тыйым салынады, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Биыл аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ғана ұйымдастырылуы тиіс. Ведомствоаралық шешім бойынша, мерекелік шараларды мектеп немесе колледж аумағынан тыс жерлерде, соның ішінде жалдамалы мейрамханалар мен кафелерде өткізуге жол берілмейді. Бұл шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданып отыр.

Жергілікті атқарушы органдарға қосымша қаржылық шығындарды талап етпейтін, тек тәрбиелік және мәдени-ағартушылық сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар, Ішкі істер органдары мерекелік шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті күзетіп, түлектердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтеді.

Министрлік өкілдері ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Ережелерді бұзу және заңсыз қаражат жинау фактілері анықталған жағдайда, білім беру мекемелерінің басшыларына қатысты тиісті шаралар қолданылатын болады.