Алматы қаласындағы «Орбита» ықшамауданында орналасқан 45-мектептің 11 сынып оқушысының ата-анасы қазақ тілі пәніне қысым көрсеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы журналист Ришат Асқарбекұлы әлеуметтік желіде парақшасында жазды.
“Оқушының ұлтында шатағым жоқ. Бірақ әлгі оқушының ата-анасы келіп, мұғалімге қысым көрсеткені, қалай?Ұстаз бала тілді үйренуге құлықсыз, беске тартпайды дейді. Баласына жақсы баға қоюды талап еткен адамдар бас прокуратурада істейміз, сені жұмыстан шығартамыз деп қорқытқан. Сөйтіп, мектепті басына көтерген. Тіл үшін ұлттық мәселені қоздырған. Мұғалімнің қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер көмегіне жүгінген”, – деп жазды журналист.
Кейіннен біз мұғалім мен мектеп директорына хабарластық. Директор Айгүл Нұрәділованың айтуынша, «қызыл» атестат алу үшін қызметтік шенін пайдаланған ата-ана «5» деген баға қоюуды талап еткен. Кейіннен шу көтеріліп кеткен соң, кешірім сұраған.
“Мұғалімді қолдап, аудандық білім бөліміне қызметтік хат жолдадым. Бәрі оңынан шешілді. Ештеңе керек емес деп бізден кешірім сұрады. Ортақ тіл табысып, кешірдік. Ол қыздың қазақ тілін білу деңгейі бес деген баға тартпайды. Мұғалімнің бағасы әділ”, – дейді Айгүл Нұрәділова.
Журналист Ришат Асқарбекұлы мектептегі қазақ тілінің мұғалімі Эльмира Сәдуақасова - Зейнолла Қабдоловтың қолынан диссертация қорғаған, Қазақ ұлттық университетінің түлегі, тіл зерттеушісі, ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман деп отыр.
“Бұл мектепішілік қатардағы оқиға ғой дерсіз. Олай емес. Мұнда қызметін асыра пайдаланып, қызметтік куәлікпен үркітіп, мұғалімді ұлтшыл, сауатсыз деп айыптау жағдайы орын алған. Сондағысы баға үшін. Осындайлар шаршатты дейді мектеп ұжымы. Бұғып қалмай табандылық танытып, өз құқығын таптатпаған ұстаз бен директор үшін қуануға болады, – дейді журналист.