Енді медаль мұғалімді іздеуі керек: Министр портфолио жинауды тоқтатты

Qaz365.kz редакциясы

Мұғалімнің мықтылығы портфолио жинау арқылы шешілмейді

Ашық дереккөздерден

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда жасаған сапарында ұстаздармен кездесіп, аттестациялау кезінде болатын өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мектептің мұғалімдері педагог, модератор, сарапшы сияқты үш деңгейі міндетті түрде өз пәні бойынша тест тапсырады. Ал зерттеуші тесттен толық босатылады. Бірақ тесттің сұрақтары көбейеді. Сарапшылармен ақылдасамыз, 100-150 аралығында болады», - деді министр.

Оның айтуынша, аттестация сұрақтары мұғалімге қиындық немесе стресс тудырмауы қажет. Керісінше, ұстаздың біліктілігінің өсуіне әсер ету керек деп отыр.

«Сондықтан портфолио алынып тасталынады. Мұғалімнің мықтылығы портфолио жинау арқылы шешілмейді. Енді ұстаздың біліктілігі – баланың жетістігімен есептеледі. Әрбір мұғалімнің қарым-қабілеті оқушының жетістігімен бағаланбаса, оның пакет-пакет жинаған мақтау қағаздары мен сертификаттары айқындай алмайды. Әйтпесе, осы күні түрлі-түрлі наградалар көбейіп кетті», - дейді Ғани Бейсембаев.

Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» және тағы басқа наградалар даңғойлыққа кетіп қалды деп отыр. Өйткені портфолио жинау үшін сатып алуға бейімделгендер көбейген. Енді мұғалім ештеңеге алаңдамайды деп отыр. 

«Алдағы уақытта сарапшыға «Құрмет белгісі»,зерттеушіге «Алтынсарин белгісі» беріледі. Мұғалім медальді емес, медаль мұғалімді іздеуі керек», - деді министр.