АҚШ Нобель сыйлығына ұсынған қазақ ғалымы дүниеден озды

Qaz365.kz редакциясы

Одан бөлек ғалымға "XXI ғасырдың көрнекті ғалымы” атағы Кембридж, Англия тарапынан берілген

Qaz365.kz

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Оспанов Хабибулла Құсайынұлы 90 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымның өмірден озуына байланысты  отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

“Хабибулла Құсайынұлы ұзақ жылдар бойы білім және ғылым саласында жемісті қызмет етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет етіп, жоғары білікті мамандар даярлау ісіне мол еңбек сіңірді. Көптеген еңбектердің және әлемдік деңгейдегі бірнеше ғылыми жаңалықтардың авторы атанды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына жарқын із қалдырған ұлағатты ұстаз Хабибулла Құсайынұлының есімі мен бейнесі ұмытылмайды”, –  делінген жеделхатта.

Хабибулла Құсайынұлы Оспанов 90 жасқа қараған шағында дәм-тұзы таусылды. Марқұм Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі физикалық химия және электрохимия кафедрасының құрметті меңгерушісі болды, Халықаралық минералды ресурстар академиясының академигі, ҚР минералды ресурстар академигі, Нью-Йорк академиясының (АҚШ) академигі, “Ғылым” номинациясы бойынша Жалпыұлттық тәуелсіз “Платиналы Тарлан” сыйлығының лауреаты, салалық министрліктің “ЖОО–ның үздік оқытушысы-2007” грант иегері атанған.

“Оutstanding Intellectuals of the XXI st Century” Cambridge, England (“XXI ғасырдың көрнекті ғалымы”, Кембридж, Англия) сыйлығымен, ҚазКСР еңбек сіңірген өнертапқышы, КСРО өнертапқышы, “КСРО және ҚазКСР Халыққа білім беру үздігі” атағымен марапатталған, сонымен қатар төрт халықаралық ғылыми жаңалықтың авторы (Мәскеу). 2011 жылы Майами қаласында (АҚШ) сутегі энергетикасының Халықаралық ассоциациясы ғалымның еңбегін Нобель сыйлығына номинант ретінде ұсынған болатын.

Көрнекті ғалымның дүниеден өтуіне байланысты “Qaz365.kz” ақпараттық агенттігінің атынан барша қазақ еліне қайғырып, көңіл айтамыз.