Елімізде жасөспірімдер арасында әлімжеттік пен құмар ойындарға әуестер көбейген

Qaz365.kz редакциясы

2022 жылға қарай құмар ойынына тәуелділіктен зардап шегетін қазақстандықтардың саны 350 мыңға жеткен

Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz 

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева жиында 2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 155 және өз-өзіне қол жұмсаудың 309 фактісі тіркелгенін айтты.

«2023 жылдың алғашқы төрт айында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 47 фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 137 фактісі тіркелген. Ата-аналар балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілері де жиілеп барады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде ата-анасы деструктивті діни көзқарасты ұстанатын 2383 бала тұрады», – дейді Аида Балаева.

Ол мектеп оқушыларының агрессивті мінез-құлқы мен әлеуметтік желілерде және шынайы өмірде белең алып жатқан буллингке ерекше назар аударды. 

Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде ұрып-соғу, жаппай төбелес, жоғары сынып оқушылары мен жастар арасындағы жанжалдар бар бейне роликтер қаптап кеткеніне тоқталды. 

«Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде оқушы қызды ұрып-соққан атышулы оқиға болды. Семей қаласының елді мекендерінде де оқушы қыздарға қатысты осындай оқиғалар тіркелді. Жалпы, жастар арасында ерекше қатыгездікке бой алдырған оқиғалардың көбейгенін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде, қазіргі таңдағы мәлімет бойынша, ІІБ есепте 3 924 бала тұрса, 6 278 бала мектеп есебінде тұр», – деді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, жастардың құмар ойындарға деген әуестіктерінің артып келе жатқаны да алаңдатады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, 2022 жылға қарай құмар ойынына тәуелділіктен зардап шегетін қазақстандықтардың саны 350 мыңға жеткен. Әсіресе, 15 пен 18 жас аралығындағы құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін жастар санының өсу тенденциясы байқалады екен.

Ол жастар қауымымен тыңғылықты жұмысқа жеткілікті көңіл бөлінбейді деп айтты.

«Біз балаларымыздың негізгі ақпараты көшеден іздейтінін, түрлі азғырулар мен деструктивті әрекеттердің ықпалына ілігіп, мыңдаған жасөспірімнің неліктен өмірмен қоштасқысы келетін себептірін жүйелі түрде зерделеуіміз керек», – деп түйіндеді Аида Балаева.

Форумның модераторы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз сөзінде «балалар ата-анасының үлгісімен тәрбиеленеді. Мектеп технологиялық сын-қатерлер жағдайында балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған оқу процесіне ата-аналардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуының жоғары әлеуетін пайдалануы керек» деп айтты.

Жиында сөз алған Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова отбасылардың негізгі проблемалары - ата-аналардың жеке басын куәландыратын құжаттарының, Қазақстан азаматтығының болмауы, авариялық тұрғын үй-жайларда тұру және материалдық жағдайдың төмендігі болып отқанын тілге тиек етті.

«Жалпы облыста балаларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Жалпыға бірдей білім беру қорынан әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 мың бала көмек алады, оның 5 мыңнан астамы (5 761) көп балалы отбасының балалары. Бір баланы оқу жылына дайындық сомасы өткен жылы 30 мыңнан 37 мың теңгеге өсті, биыл 40,5 мың теңгені құрайды деп жоспарланып отыр», – дейді  Гүлсім Қожахметова.

Ол жалпыға бірдей білім беру қорынан барлығы 1,2 миллиард теңгеқаражат бөлінді деп айтты. Отбасылардың әлеуметтік жағдайына жасалған талдау нәтижесі бойынша облыста оқушылардың 40 пайызы толық емес отбасында екені анықталған. Соның ішінде 33 пайызы жалғыз басты аналар тәрбиесінде екен.


Бала тәрбиесіндегі отбасы рөлін арттыру мақсатында мектептер мен ата-аналардың өзара іс-әрекетінің жаңа формалары енгізілді. Жалпы алғанда бұл бағытта 21 жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді. 

«Аналар мектебінде» қыздар аналарымен бірге ұлттық тағамдар дайындап, дастархан жасау, қонақ күту мәдениетімен танысады, тоқыма, іс тігудің қыр-сырларын үйренеді, ата-аналарымен мәдени ошақтар мен табиғат аясына саяхаттар жасайды.Әкелер институтын дамыту мақсатында облыста «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірге «Әкелер форумы» өткізілді. Форумға 500-ге жуық әкелер қатысты» – деді ол.

Елімізде әрбір ата-анаға бала тәрбиесінде кеңес беретін, ата-аналармен бірге жұмыс атқаратын, түрлі мәселелердің алдын «Сенімен Болашақ»республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Форум барысында бірлестік төрайымы Жансая Бердімұратқызы аталған мекеменің мән-мағынасын айшықтап айтып берді.

«Бірлестік мүшелігіне тіркелген 101 мыңнан астам ата-ананың қатысуымен екі жыл ішінде 15 мың іс-шара, республикалық және аймақтық 35 форум ұйымдастырылды. «Балалар жылына» орай республика көлемінде «FAMILY STEAM CHALLENGE – 2022» отбасылық сайысы өткізілді», – дейді Жансая Бердімұратқызы.

Оның айтуынша, жобаның мақсаты - ата-ана мен бала біріге отырып, олардың бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Іс-шараға 444 отбасы қамтылып, әр өңірден 16 отбасы екінші кезеңге жолдама алған. Бірінші кезеңнің барлық финалистері 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталып, бас жүлде 500 мың теңге болды. 

«Сонымен бірге Жамбыл облысында отбасылық мәдениетін арттыру мақсатында «Салауатты ата-ана мәдениеті» атты 7 апталық отбасылық марафон өтті. Марафонға 400-ге жуық отбасы қамтылды. Ата-ана мен бала арасын жақындату үшін жүлде қорына 4 миллион теңге бөлінді», – дейді бірлестік төрайымы. 

Форумға қатысушылар бала тәрбиесінде отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы бірауыздан өз пікірлерін білдірді.

​Форум барысында қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты пікір алмасып, отбасы институтының өзекті мәселелерін шешудің тиімді жолдарын талқылады.
​Секция жұмысы «Мектеп және ата-ана», «Ата-ана және қоғам», «Ата-аналар мен бала денсаулығы», «Ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі», «Ата-аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау», «Ата-аналар мен балалардың цифрлық мәдениеті» тақырыптарында 6 бағыт бойынша ұйымдастырылды.
​Форум жұмысы соңында арнайы қарар қабылданды.