Тіл білімі институты 2020-2022 жылдар аралығындағы қызметі бойынша стенд-конференция өткізеді
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тілінің тарихын, бүгінгі жай-күйін зерттейтін бірден-бір лингвистикалық ғылыми мекеме - Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2020-2022 жылдар аралығындағы қызметі бойынша 2023 жылғы 31 мамырда «Заманауи тілтанымдық зерттеулер» атты стенд-конференция өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақ тілінің қолданбалы бағытын жетілдіру мақсатында Институт қызметкерлері ғылыми-зерттеу бағдарламалары аясында бірқатар міндеттерді, оның ішінде қазақ тілін жоғары деңгейде автоматтандыру процесін жүзеге асыруға және қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар мобильді сервистерді, сайттар мен компьютерлік қосымшаларды әзірлеп жатыр.
Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген цифрлық өнімдердің тұсаукесері өтеді. Атап айтар болсақ, әлемдегі ең ірі мегажоба - Қазақ тілі ұлттық корпусының жетілдірілген сайты, цифрлық тілтанымдық кітапхана, қазақ тілінің сөздікқоры жинақталған электрондық картотека, Ахмет Байтұрсынұылының мұрасына арналған қанатқақты жоба - «Ahmettanu» сайты және Институттан шыққан өзге де іргелі зерттеу еңбектерінің таныстырылымы болады.
Өтетін орны: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы 71, 7 корпус.
«Әл-Фараби кітапханасының» конференция залы
Өтетін күні: 2023 жылғы 31 мамыр, сағ.: 10:00
Zoom: https://zoom.us/j/2471639702